Қиярға тапсырыс бердіңіз бе?

Қиярға тапсырыс бердіңіз бе?

Толығымен 1,5 миллиард теңге көлеміндегі жеке инвестицияларға салынған жылыжай Ақсу жылу электр стансасының жанында орналасқан. 50 адамға жұмыс берген кешеннің басшылығы келесі жылы жобалық қуатқа шығып, 1 мың тонна өнім алуды жоспарлап отыр.  

– Бүгінгі таңда қиярдың екі сұрыпын өсіріп отырмыз – “Мева” және “Рапидас”, – деп атап өтті жылыжай директоры Аңсат Жаңатаев. – Біздің кешен қияр да қызанақ та өсіре алады. Келесі жылғы күзде қызанақ өсірумен айналысуды жоспарлап отырмыз.

Жылыжай кешеніне Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов келіп,  кәсіпорын жұмыскерлері мен Ақсу тұрғындарын Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Сондай-ақ жылыжай өнімі маусымаралық уақытта аса маңызды роль атқаратынын атап өтті.

Бізде жаңа жыл қарсаңында қияр мен қызанақ үнемі қымбаттап кететін, деді аймақ басшысы. – Алайда осыдан екі апта бұрын Екібастұзда бес гектарлық жылыжай ашылды. Ал бүгін Ақсу жылыжай кешені өзінің алғашқы өнімін шығарып отыр. Сауда орындарында бағасы көтеріліп кетпес үшін бұл көкөніс өнімдерін тұрақтандыру қорымыз арқылы сатып алуға әзірміз.

Ақсуда өсірілген қиярдың бағасы сырттан жеткізілетін көкөніс бағасынан 20%-ға арзанырақ болмақ.