
Зауыт толық қуаттылық деңгейіне шыққаннан кейін жыл сайын 30 мың тоннаға жуық қысқы дизель отыны шығарылатын болады. Қысқы дизельдің алғашқы партиясы тұтынушыларға қаңтар айында жеткізіледі. “Alef Trade” ЖШС-ің өкілдерінің айтуынша олар шығаратын отын қырық градус аязға төтеп береді.

– Біз Павлодар облысының мұнай өнімдері нарығындағы ірі кәсіпорындармен келісімшарт жасастық. Өнімнің ең ірі көлемін Бозшакөл тау-кен байыту комбинаты сатып алады, – деді компанияның бас инженері Сергей Шевелев. – Негізінде қазақстандық нарықтың арктикалық дизель отынына деген қажеттілігі қысқы кезеңде 120-130 мың тоннаны құрайды. Сондықтан, біз зауыттың өндірістік қуаттылығын ұлғайтып, жылына 50 мың тонна өнім шығаруды жоспарлап отырмыз.

Кәсіпорынға келген Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов күздің өзінде қара суық болатын аймақта қысқы дизель отыны аса қажет екендігін атап өтті.

-20 градус болғанда құрамында парафин бар дизель отыны қоймалжың массаға айнала бастайды. Сондықтан, арктикалық дизель отыны бізге аса қажет, – деді аймақ басшысы. – Бұл зауыт – Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша іске қосылған жетінші жоба. Біз бұл жобаны бастаған инвесторларға «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында орын ұсынған едік. Алайда, олар өз жоспары бойынша осы жерді таңдап алды.

Қысқы дизель отынын өндірушілер олардың өнімі нарықтағы қазіргі бағамен салыстырғанда 5-10 пайыз арзан болады деп сендірді.