Қоныс құтты болсын!

Қоныс құтты болсын!

«Сарыарқа» шағын ауданында 108 отбасыға арналған көп қабатты үй пайдалануға берілді. «Алюминстрой» шағын ауданының бұрынғы тұрғындары 81 екі бөлмелі және 27 үш бөлмелі пәтердің кілттеріне ие болды. Жаңа үйдің иелерін құттықтауға облыс әкімі Болат Бақауов келді.

– Жаңа шағын аудан салуды сіздермен бірге армандаған болатынмын. Уақытша тұрғын үйде тұра тұруға келісім бергендеріңіз үшін сіздерге алғысымды білдіремін, – деді Болат Бақауов. Бүгін бақыттан нұрланған жүздеріңізді көру мен үшін үлкен қуаныш. Бұл үйді небары тоғыз айда көтерген құрылысшыларға алғысымды бідіргім келеді.

Аймақ басшысы сондай-ақ «Павлодарэнерго» АҚ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салған монтаждау колледжінің 200 орынға шақталған жатақханасын ашу рәсіміне қатысты.

Жатақхана жеке санитарлық тораптары бар екі және үш орындық бөлмелерден тұрады. Әр қабаттағы кір жуатын және ас дайындау бөлмесі барлық қажетті тұрмыстық техникамен жабдықталған. Сонымен қатар, жастарға арналған жаттығу және би залдары бар. Жатақханаға электронды өткізу жүйесі мен дәліздерде бейнебақылау жүйесі орнатылған. Яғни, студенттердің жайлы тұрмыс кешуі үшін барлық жағдай жасалған.