Павлодарда екі спорт залы ашылды

Павлодарда екі спорт залы ашылды

Павлодар қаласының жоғары спорттық шеберлік мектебінде және №1 БЖСМ-де күрделі жөндеужұмыстары аяқталды. Екі ғимаратта көктемде басталған жөндеу жұмыстары үш айға созылды. Атқарылған жүмыстар сапасын бүгін Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов тексеріп шықты.

Нысандарды жаңғырту жұмысын «СВЯЗЬДЕТАЛЬ» ЖШС қолға алған болатын. Жөндеуге «Павлодар» әлеуметтік дамыту корпоративтік қоры 143 млн теңге бөлген. Оның 68 млн теңгесі жоғары спорттық шеберлік мектебін күрделі жөндеуден өткізуге және инженерлік желілерді өткізуге жұмсалған.

Екі залда да спортпен айналысу үшін қолайлы жағдай жасалған. Мұнда киім ауыстыратын бөлме, душ қабылдайтын бөлме, спорттық құрылғылар, спорт керек-жарақтарын сақтауға арналған орынжайлар, қызметкерлер бөлмесі бар. Балаларға тәлімді білікті бапкерлер береді. – Біз үнемі оқу-өндірістік кешендеріне, олардың электр және жылу желілеріне тәуелді болатынбыз, – дейді «Жоғары спорттық шеберлік мектебі» КМКК директоры Қайрат Қайырбаев. – Бұл мәселе біраз ыңғайсыздықтар туғызатын. Оқу жылының аяғында оқу-өндірістік кешені ыстық суды өшіріп тастайтын да, спортшыларымыз жаттығудан соң душ қабылдай алмайтын. Ғимараттың қайта жоспарлануының арқасында киім ауыстыру бөлмелері кеңейтіп, онда душ қабылдау кабиналарын орнатылды, жылу және электр тораптары орнатылды.

Бүгінгі таңда жоғары спорттық шеберлік мектебінде 38 еркін күрес палуаны жаттығады. №1 БЖСМ-де грек-рим күресімен айналысады.