Зиялы қауым өкілдерімен кездесу

Зиялы қауым өкілдерімен кездесу

С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада облыс әкімі Болат Бақауов зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, облыс мәдениетін дамытуда үлес қосқан ақын, жазушыларды, суретшілер мен әншілерді марапаттады.  Олардың қатарында ақын, жазушылар Сайлау Байбосын, Жанаргүл Қадырова, Ольга Григорьева, суретші Қарасай Нүркенов, жас ақын Еламан Қабділәшім және «Жас қанат – 2017» байқауының жеңімпазы Мадияр Бахтияров, сонымен қатар, көптеген республикалық және облыстық айтыстардың жеңімпазы, «Жыл патриоты – 2017» номинациясының иегері, «Рavlodarnews.kz» ақпараттық агенттігінің тілшісі Абзал Қабдраш та бар.

Кездесу барысында Болат Бақауов павлодарлықтардың республикалық және халықаралық байқаулардағы жетістіктерін атап өтті.

– 2017 жыл мәдениет, әдебиет пен өнер саласында табысты жыл болды, – деді облыс әкімі. – Алдағы жылға қойылатын мақсаттарымыз да көп. Солардың бірі – жас ақын, жазушылардың еңбектерін кітап қылып басып шығару. Ол жұмыстарды мәдениет басқармасының басшысы Ардақ Райымбековке тапсырамын. Сонымен қатар, біз балабақшаларда тек мемлекеттік тілде тәрбие беру жобасын қолға алдық, оны бұдан әрі дамыту қажет. Биыл Наурыз мерекесін сәуір айында ауқымды түрде атап өттік, түрлі пікірлер болды, бірақ, ешкім ұтылған жоқ деп есептеймін. «Ұлы дала елі» фестиваліне 70 мыңға жуық адам қатысты, бұл өте жоғары көрсеткіш.