
Бүгін Павлодарда ҚР Елбасының жаңажылдық шыршасы өтті. Әдемі безендірілген «Ертіс» мейрамханасына150 оқушы қатысты: ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балалары, сонымен қатар оқуда, қоғамдық өмірде, шығармашылықта, спортта жетістіктерге жетіп, озат атанып жүрген дарынды балалар да қатысты.
Дәстүр бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев балаларға бейне құттықтау жасады.
– Сендерді келе жатқан жаңа жылмен құттықтаймын. Бұл ғажайып ертегідей секілді сыйлықтар мен қуанышты сәттердің мерекесі. Сендер бұған үздік білім мен спорттағы жетістіктеріңнің, игі істеріңнің арқасында жеттіңдер. Келе жатқан жылы бәрі басқаша болады. Сендер жаңа жетістікке жетесіңдер, жаңа білім аласыңдар. Бірақ отбасына деген махаббат, достыққа деген сенімділік, ұстазға деген құрмет, Отанымыз Қазақстанға деген мақтаныш сезімі өшпеу керек.
«Асқақ ордам – Астана!» тақырыбында өткен жаңажылдық шыршаға М. Катаев атындағы оқушылар сарайының тәрбиеленушілері өз өнерлерін көрсетті. Басты рөлде Астана қаласының символына айналған Бәйтерек бейнесі болды. Мерекелік іс-шараға облыс әкімі Болат Бақауов қатысты. Балаларға сыйлық ретінде смартфондар, ойыншықтар, ашық хаттар, тәттілер мен кітаптар табыс етілді.
