Бұл жақтың жері де, халқы та жақсы

Бұл жақтың жері де, халқы та жақсы

Өткен демалыста облыс әкімі Болат Бақауов Успен ауданына жасаған жұмыс сапары барысындаОльгино ауылына Қытайдан көшіп келген оралмандардың үйлерін аралады. Естеріңізге сала кетейік, алқа мәжілістерінің бірінде аймақ басшысы Ертіс өңіріне көшіп келген қандастарымыздың жағдайымен танысуға уәде берген болатын.

Аймақ басшысы Ольгино ауылы Гагарин көшесі, 80 мекенжайындағы тұрғын үйдің кілтін Қахардан Талап деген оралман азаматқа табыстады. Үстіміздегі жылғы қыркүйекте Т. Қахарданның отбасы Ольгино ауылынан үй сатып алған болатын. Алайда 3 желтоқсан күні өрт шығып, сатып алған баспанасы толықтай жанып кеткен. «Нұр Отан» партиясының Успен ауданындағы филиалы зардап кеткен отбасыға қаражат (сондай-ақ қажетті жиһаз, ыдыс-аяқ, киім-кешек, тұрмыстық техника және т.б) жинау ісін ұйымдастырды.

Осы жылы Ольгино ауылына барлығы 21 отбасы (76 адам) көшіп келді. Қытайдан келген тағы бір оралман Павлодар облысына қоныстану үшін трактормен 1,5 мың шақырым жүріп өткен. Адал Хамитхан өз Отанына оралу үшін бір апта жүріп келген.

– Мен әрдайым балаларым өз Отанымда тұрса екен деп армандайтын едім, – дейді Адал Хамитхан. – Алғаш рет Павлодар облысына сәуір айында келген едім. Жергілікті билік өкілдерімен сөйлестім. Сосын жазда отбасымды алып келдім. Мұнда жер жақсы. Қытайда да Ертістің жағасында тұрған едік. Мал шаруашылығы үшін өте қолайлы. Сондықтан осы жерді таңдадық. Биыл жазда Адал Хамитхан екі ұлы мен әйелін Павлодар облысына автобуспен жіберген. Ал, өзі жолдастарымен бірге трактормен келген. Тоқтаусыз бірін-бірі алмастыру арқылы олар бір аптаның ішінде Ольгино ауылына да жеткен. Қытайдағы барлық мүлкін сатқан ол Успен ауданының Ольгино ауылында екі миллион теңгеге үй сатып алған және жеті миллион теңгеге шаруашылығын ашқан.

Этникалық қазақтарды Қытайдан павлодар облысына көшіру ісі 2009 жылы қолға алынған болатын. 2015 жылы облысымызға 5 адам көшіп келген болса, биылғы жылы 124 адам көшіп келген. Оралмандар көшіп келгелі Ольгино ауылындағы орта мектепте мемлекеттік тілде білім беретін 1-4 сыныптар ашылған. Қалған балалар Лозовое ауылындағы мектеп-интернатқа орналастырылған. Мал шаруашылығымен айналысу үшін жер бөлу мәселесі де оң шешімін тапқан. 4 отбасы оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына еніп, көшуге және тұрғын үй жалдауға жәрдемақы алған. Ол қаражат бұл отбасыларға үй сатып алу мүмкіндігін берді. Жұмыспен қамту орталығы арқылы 3 отағасы Павлодар қаласының «Farmat mach Company» кәсіпорнына қосалқы жұмысшы болып, 1 адам Ольгино ауылының мәдениет үйіне аккомпаниатор болып жұмысқа орналастырылған (вахталық әдіспен). Успен ауданының әкімдігі 40 тонна қатты отын бөлген. Жуық арада Успенка-Ольгино-Успенка автобус бағыты ашылмақ.