
Павлодарда «Спорттың данқы – 2017» атты салтанатты шара өтіп, оның барысында үздікдеп танылған спортшылар, бапкерлер және спорт саласының қызметкерлері марапатталды.
Салтанатты шарада Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов құттықтау сөз сөйледі. Ол павлодарлық спортшылар үшін 2017 жылдың табысты болғанын және өңір басшылығының алдағы уақытта да спорт саласына қолдау көрсететінін атап айтты.

– Аймағымызда спорт инфрақұрылымын және жаппай спортты дамытуға баса көңіл бөлінеді, – деді аймақ басшысы. – Дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, футбол алаңдары салынды, академиялық есу және триатлон бөлімшелері ашылды. Келесі жылы олимпиадалық резерв дайындау орталығын, жеңіл атлетика залын және футбол манежін салу бойынша ауқымды жоспарларымыз бар. Жаңа жылда баршаңызға спорттық жетістіктер тілеймін!

Әкім өзімен бірге Павлодардан Тереңкөл ауылына дейін 100 шақырымдық қашықтыққа велосипед жарысына қатысқан велошабандоздарға алғыс хаттар табыстады. Марапаттау рәсімінде сонымен қатар спорттың олимпиадалық, олимпиадалық емес және ұлттық түрлерінің өкілдері, бапкерлер және мүмкіндіктері шектеулі спортшылар, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері марапаттарға ие болды.
