Жылу маусымы жіті бақылауда

Жылу маусымы жіті бақылауда

Ең алдымен облыс әкімі білім беру мекемелері бойынша жағдайды сұрады. Анықталғандай, 23 қаңтар күні Шідерті кентіндегі бала бақшада температура төмен болған. Екібастұз қаласының әкімі Қайрат Нүкенов қазіргі кезде жағдай түзелгенін айтты.

– Бала бақшаны жылытумен айналысатын жылу қазандығы «Сәтбаев атындағы канал» РМК-ың балансында, – деді ол. – Бала бақшадағы температура нормаларының сақталмауына байланысты 4 топтың бүлдіршіндері үйлеріне қайтарылды. Жылыту батареяларын тазалау жұмыстары жүргізіліп, қосымша жылытқыштар қойылды. 24 тамыз күні таңертең мекемедегі температура қалыпқа келді.  

Павлодар облысының әкімі білім беру мекемелеріні жылытуға байланысты бұзушылықтарға жергілікті басшылар жауапты екендігін еске салды.

– Егер, бала бақшада немесе мектепте суық болса, сол әкімшілік-аумақтық бірліктің басшысы күні-түні сол мекемеде директормен және білім беру органдарының өкілдерімен бірге болып, кемшіліктерді жоюы  керек, – деді Болат Бақауов.

Сонымен бірге, аймақ басшысы өзінің жеке блогына күн сайын тұрғын үйлердегі температураның төмендеуіне байланысты шағымдар түсіп жатқанын атап өтті. Олардың көпшілігі облыс орталығының тұрғындарынан келіп жатыр.

– Толстой көшесі, 82 үйдің тұрғындары пәтерлеріндегі температура 14-16 градус деңгейінде ғана тұрғанын, жылытқыштармен жылынып отырғандарын жазуда. Тұрғын үй инспекциясы бұл жағдайды білсе де, еш әрекет жасамай отыр, – деді әкім. – Кутузов көшесі, 291 үй, үшінші кіре берістің тұрғындары аяздың кесірінен лифттің тоқтап қалу қаупі бар екенін жеткізді. Катаев көшесіндегі 12 үйдің пәтерлеріндегі температура 18 градусқа әрең жетіп тұр.

Облыс орталығының басшысы Нұржан Әшімбетов кейбір үйлердің жылу тораптарындағы жылу тасығыштың параметрлері нормаға сай емес екендігін атап өтті. Бұл туралы ақпараттың бәрі «Павлодар жылу желілері» ЖШС-не берілді.

– Қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасына тексеріс жүргізу туралы тапсырма берілді. Тексерістің қортыындысы бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады. Пәтер иелерінің кооперативтеріне бұл туралы хабарланды, – деді қала әкімі. – Егер, жылуды тиісті көлемде жеткізбеу деректері анықталса, ПИК-тер жеткізілмеген жылу бойынша төлемақыны қайта есептетулері керек. Әрине, кооперативтердің кінәсі болуы да мүмкін. Бір үйдің кіре берістерінің біреуінде ғана суық болып, қалғандарында жылы болса, бұл кооператив жұмыс істемеді деген сөз.  Бұл жағдайларды жедел түрде шешетін боалмыз.   

Өзге қалалар мен аудандардың әкімдері өздеріне бағынышты аумақтардағы жағдай туралы есеп беріп, жылыту маусымы қалыпты тәртіпте өтіп жатқанын хабарлады.

– Үш күннен бері өңірде қатты аяз тұр. Біз жағдайды жіті бақылап, әр шағымды дер кезінде қарауымыз керек, – деп қорытындылады Болат Бақауов. – Әкімдікте кезекші телефондары іске қосылып, тұрғындардың оған кез келген уақытта хабарласуға мүмкіндігі болуы керек.