
Сәулетші мамандардың тұсаукесерінен бұрын Болат Бақауов Кутузов көшесінде қанша боялмаған үй қалғанын анықтады. Қала әкімі Нұржан Әшімбетов өткен жылы 15 көп қабатты тұрғын үй боялғанын және әлі де бояуды қажет ететін 20-25 үй бар екенін атап өтті.
– Орта есеппен алғанда бір үйді бояу шамамен 5 миллион теңгені құрайды. Сондықтан аталған жұмыстарды аяқтау үшін шамамен 100-150 миллион теңге қаражат керек, – деді ол.

Аймақ басшысы қаражат табатынына уәде беріп, көп қабатты тұрғын үйлерді боямас бұрын мамандардан алдымен қандай түске бояйтындарын ұсынуды талап етті. Сәулетшілер Павлодарда Кутузов-Жаяу Мұса көшелерінің қиылысында жаңа «Алғашқы бітімгерлер саябағы» болатынын атап өтті. Сондай-ақ Усолка шағын ауданындағы дренаж арнасына күрделі жөндеу және тұз шығарушыларға арналған ескерткіш орнатылатын өзен вокзалы аумағындағы «Толқын» бағын қайта қалпына келтіру жұмыстары басталады. Бұдан басқа, ағымдағы жылы Пахомов зиратының аумағында жөндеу жұмыстарын бастау жоспарлануда.
– Белоруссияға жұмыс сапарымен барғанда Ұлы Отан соғысы кезінде қала ішінде жасалған жерлеу орындарының қалай жасалғанын, атап айтқанда, шөп төселіп, жолдар салынғанын көрген болатынбыз. Біз де сол секілді Павхомов зиратын қалыпқа келтіруіміз қажет, – деді облыс әкімі.

Жағалауды ұзарту және оны абаттандыру мәселесі ұзақ талқыланды. Орталық жағалаудағы сахнаны жобалаумен айналысатын «Казстройпроект» ЖШС өкілі келесі аптада барлық құжаттарды сараптамаға тапсыратынын айтты.
– Сараптама 45 күн жүргізіледі, оған қоса ескертулерді жоюға екі ай беріледі, – деді құжаттардың мерзімі бойынша наразылығын білдірген Болат Бақауов. – Сонда құжаттарды су тасқыны маусымы басталғанда, яғни сәуір айында бермексіздер. Жеделдету қажет! Сахна құрылысымен жазғы уақытта айналыспауымыз қажет, себебі жазда концерттер өтеді! Сондай-ақ сахнаны техникалық жабдықтау жұмыстарын жүргізуді де ұмытпаңыздар.

Отырыс барысында жағалаудың Өзен вокзалынан Усолка шағын ауданына дейін және бұрынғы «Қазтрансойл» АҚ ғимаратынан бастап Ертіс арқылы өтетін теміржол көпіріне дейін ұзартылатыны анықталды. Павлодар қаласы әкімінің айтуынша, Өзен вокзалынан Усолка шағын ауданына дейін жер үйлер көп, бірақ олар қиындық тудырмайды. Ал екінші бөлігі бойынша жоба екі кезеңде орындалады.

– Жоба дайын, құны шамамен 400 миллион теңгені құрайды, – деді қала әкімі Нұржан Әшімбетов. – Ең алдымен дренаж жүйесін қалыпқа келтіріп, жағаны бекіту қажет. Сонымен қатар су бұзып тастамас үшін дренаж «Құс өтілі» ескерткішін айналып өтеді. Осының нәтижесінде екінші кезеңде «Құс өтілі» аумағында тек көріктендіру жұмыстары ғана жүргізіледі. Ағымдағы жылы сахнаны орнату, жағалауды абаттандыру жұмыстарын аяқтаймыз, Усолка шағын ауданына қарай өтетін жер істейміз және жағалаудың «Қазтрансойл» АҚ ғимаратынан бастап Ертіс арқылы өтетін теміржол көпіріне дейінгі құрылысы аяқталады.

Сәулет-қала құрылысы кеңесінің келесі отырысы ақпан айының соңына белгіленді. Мұнда кеңес қатысушылары Павлодарды абаттандырудың 2018 жылға арналған жоспарын біржола келісетін болады.