Көмірмен қамту жағдайы

Көмірмен қамту жағдайы

Алдымен Энергетика министрі Баянауыл ауданында орналасқан «Майкубен-Вест» ЖШС-ің кенішіне барды. Кәсіпорынның топ-менеджерлерінің бірі Ерлан Упушев мұнда күн сайын 150-200 машинаға көмір тиелетінін айтты. Егер, өткен жылы компания 3,6 миллион тонна қатты отын өндірсе, осы жылы көмірдің өндіріс көлемін 4,3 миллион тоннаға жеткізуді жоспарлап отырғанын айтты.

Бұдан кейін министр Екібастұз қаласына келіп, осында орналасқан «Богатырь Көмір» ЖШС-ің және «ЕЭК» АҚ-ың бөлімшесі болып табылатын «Шығыс» кеніштерінде болды. Кәсіпорынның екеуі де энергетикалық көмір өндірумен айналысады. Сондықтан, мұнда өндірілетін тұрмыстық-коммуналдық көмірдің үлесі аса үлкен емес. Мәселен, өткен жылы «Богатырь» кенішінде 41 миллион тонна өндірілсе, оның тек 1,4 миллион тоннасы ғана тұрмыстық мақсаттарға арналған. Кәсіпорын басшылығы егер де тұрғындардан тапсырыс көп түсіп жатса, тұрмыстық көмірді өндіру көлемін де арттырмақ ойда.    

Екібастұз қаласының әкімдігінде өткен жиналысқа көмір өндіретін кәсіпорындар мен көлік компанияларының басшылары қатысты. Сапардың қорытындысын шығарған Қанат Бозымбаев облыстағы көмірдің жеткілікті екенін айтты.  

– Ағымдағы жағдай бойынша кіші және орта көмір кеніштерінде экспортқа және ішкі нарыққа жөнелтілетін көмірді өндіру үлесі азайғаны туралы айтылды. Қаңтар айындағы қатты аяздар кезінде кейбір кеніштердің жұмысы тоқтаған еді, алайда бұл жүйе құрушы кәсіпорындарға қатысты емес, – деді энергетика министрінің баспасөз қызметі оның сөзімен. – Біз республика бойынша мониторинг жүргіздік. Оның қорытындысы бойынша үш-төрт аудан орталығында ғана көмірдің жетіспеушілігі анықталды. Бұл жағдай уақытша сипат алды. Себебіне келетін болсақ, ол аудандарға апаратын теміржол байланысы болмағандықтан, көмір автомобильдермен жеткізілді.

Премьер-министр Үкімет отырысында әкімдерге бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Алдағы бір-екі күн ішінде жағдай тұрақталады деп ойлаймын. Қазақстан бойынша көмір тапшылығы бар деп айтуға келмейді. Көмір өндірушілер қатты отынды кез келген көлемде өндіруге дайынбыз деп білектерін сыбанып отыр. Теміржолшылар: «тарифті жеті пайызға өсіріп, бәрін де тасымалдауға әзірміз»,- дейді.

Энергетика министрлігінің бапсасөз қызметінің деректері бойынша 2017 жылы көмір өндіруші компаниялар 106,7 миллион тонна көмір өндірген. Бұл көрсетікіш 2016 жылмен салыстырғанда 8,3%-ға немесе 8,2 миллион тоннаға артық. Қазақстанның электр станцияларына 56,3 миллион тонна жөнелтілген, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 7,1 миллион тоннаға артық. 2017 жылы коммуналдық-тұрмыстық мақсаттарға және тұрғындарға сатылған көмірдің көлемі  12,5 миллион тонна. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 18 пайызға артық. 2017 жылы көмір өндіретін компаниялар 29,3 миллион тонна көмірді экспортқа жөнелткен, яғни 2016 жылмен салыстырғанда 3,1 миллион тоннаға артық көмір сатылған.