
Аймақ басшысы баяндамасының алғысөзін 5,4 пайыз өсімді құраған экономика саласындағы жетістіктерден бастады. Бұл көрсеткіш 2011 жылдан бері қол жеткізілген ең жоғары өсім екен.
— Экономиканың дамуы негізінен өнеркәсіп саласындағы 5,1 пайыз өсімнің есебінен мүмкін болды, — деді әкім. — Облыстың барлық негізгі кәсіпорындары тұрақты жұмыс істеп, өндіріс көлемін арттырып келеді. Төртінші индустрияландыру шеңберінде ірі кәсіпорындар қолданыстағы өндірістерін технологиялық тұрғыдан жаңартумен айналысады.

Облыстың агроөнеркәсіптік кешені туралы айтқанда Болат Бақауов әр ауданда сүт-тауарлы ферма құру аса маңызды екенін атап өтті. Аймақ басшысының айтуынша барлық елді мекендерде сүт қабылдайтын пункттер жұмыс істеуі қажет. Ауылдық жерде көптеген отбасылар сүт тапсырып, сол арқылы өздерінің нәпақасын айырып отыр.
— Өткен жылы мен тұрғындардан қабылданатын сүттің бағасын көтеру туралы мәселе көтеріп едім, — деді ол. — Менің ұсынысымды қабыл алған қоғамдық кеңес мүшелерінің қолдауының арқасында біз сүттің бір литрінің бағасын 70 теңгеге дейін көтердік. Бұған дейін сүттің бағасы литріне 50-65 теңгені құраған еді.

2017 жылы өңірде аулаларды көріктендіру бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде мердігерлер 180 ауланы қалыпқа келтірді.
— Осы жылы біз аулалардың бәрін жөндеуден өткізетін боламыз, — деді Болат Бақауов. — Осы мақсатқа 2,8 миллиард теңге бөлінді.

Кездесудің қорытындысы бойынша қоғамдық кеңес мүшелері аймақ басшысының 2017 жылы атқарылған жұмысына оң бағасын берді. Сонымен бірге, олар алдағы уақытта да өңірдің дамуы үшін маңызды мәселелерді шешуде бірлесіп жұмыс атқаруға үміттенетінін айтты.