
27 тамызда өңір басшысы Әбілқайыр Сқақовтың төрағалығымен өткен кеңесте Павлодар облысында индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы талқыланды.
Мемлекеттік бағдарламаның негізгі көрсеткіштері туралы кездесуге қатысушыларға индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Владимир Платов хабарлады. Соңғы бес жылда Павлодар облысында Индустрияландыру картасының 768 миллиард теңге сомасына 30 жобасы енгізіліп, 4 мың жаңа жұмыс орны құрылды.
- Жалпы, 2015 жылдан бастап облыстың өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2 триллион теңгеге дейін немесе 1,9 есе өсті, - деп атап өтті Владимир Платов. - Бағдарламаны іске асыру жылдары енгізілген жобалар облыстың өңдеу өнеркәсібіндегі көлемнің үштен бір бөлігін беріп отыр. Бағдарламаны іске асырудың барлық кезеңінде 70 түрлі жаңа өнім өндірісі жолға қойылды. Оның 25-і экспортқа бағдарланған. Кезекті бесжылдыққа инвестициялық портфель 4,8 мың жұмыс орнын құрумен 430,5 миллиард теңге сомасына 14 жобадан тұрады.
Отырыста сондай-ақ «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы қызметінің нәтижелері туралы айтылды. Басқарушы компания басшысы Әлібек Несіпбековтың айтуынша, АЭА жұмыс істеп тұрған уақыт ішінде 77,3 миллиард теңге жеке инвестиция тартылды, 140,4 миллиард теңге сомасына өнім шығарылды, бюджетке 7,6 миллиард теңге салық аударылды және 1510 жұмыс орны құрылды.
- «Павлодар» АЭА-ның экономикалық тиімділігі 10-ға 1 деңгейінде, яғни мемлекет салған 1 теңгеге 10 теңге жеке инвестициядан келеді. Бұл ретте әлемдік тәжірибе 4-ке 1 көрсеткіші кезінде оң тиімділікті атап өтеді, - деп мәлімдеді баяндамашы. - Қазір 183 миллиард теңгеден астам сомаға 13 жоба бойынша әлеуетті инвесторлармен жұмыс жүргізілуде.
Арнайы экономикалық аймақта алюминийді жоғары қайта балқыту өндірісі жолға қойылды. «Қанатты металлдан» жеңіл балқитын автомобиль дискілері шығарылады, ал жақын арада алюминий радиаторлар шығарыла бастайды. АЭА-ны одан әрі дамыту үшін алюминий кластерінен басқа, мыс кластерін ұйымдастыру ұсынылды. Өткен жылдың өзінде Қазақстан 2,5 миллиард АҚШ доллары сомасына 443 мың тонна өңделмеген мыс экспорттады. Ел ішінде одан әрі өңдеуге өндірілген мыстың жалпы көлемінің 7% ғана қалады.
Өңірдегі ірі кәсіпорындардың басшылары да жұмыс нәтижелері туралы баяндады. Отырыс қорытындысы бойынша өңір басшысы қазақстандық қамтуды дамыту және тұрақты жұмыс орындарын құру арқылы жұмыспен қамтуды арттыру қажеттігіне назар аудара отырып, бірқатар тапсырмалар берді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суретті түсірген Валерий Бугаев