Болат Бақауов Павлодар облысындағы 2018 жылды экология жылы деп жариялады

Болат Бақауов Павлодар облысындағы 2018 жылды экология жылы деп жариялады

Барлық экологиялық проблемаларды бір жылда шешу мүмкін еместігін атап өткен ол алдағы жылға нақты іс-қимылдар жоспары құрастырылғанын айтты.

 — Бұл бағыттағы бірінші қадам жасалды, — деді әкім. — Облыс орталығының төрт аумағында орнатылған LED-дисплейлерден қала тұрғындары ауаның ағымдағы жағдайы туралы ақпаратты көре алады.

Аймақ басшысы өңіріміздегі ірі өнеркісіптік кәсіпорындардың жұмыс істеуіне байланысты облыс жұртшылығы ауаның тазалығына алауңдаулы екендігін айтып, барлық ірі кәсіпорындармен экологиялық жағдайды жақсарту және ауаға тарайтын қалдықтардың мөлшерін азайту бойынша жұмыс жүргізілетінін атап өтті.

— Осы жылдан бастап кәсіпорындарды жаңғыртудан өткізу кезінде экологиялық жүктемені азайту мәселесі басты орында тұратын болады, — деді Болат Бақауов. — Облыстың 7 ірі кәсіпорындарымен қоршаған ортаны қорғау саласындағы әрекеттестік туралы меморандумға қол қойылды, алдағы уақытта 8 меморандумға қол қойылатын болады.

2017 жылы өңірде аулаларды көріктендіру және ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Облыстың үш қаласында 180 аула жөндеуден өтті. Бұл мақсаттарға 2 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалды.

— Осы жылы Павлодарда – 180, Екібастұзда – 50, Ақсуда 20 аула жөндеуден өтетін болады. Бұл мақсаттарға 2,8 миллиард теңге қарастырылды. Үш жылға жоспарланған бағдарлама мерзімінен бұрын орындалатын болады. Бұл осы жылы атап өтілетін аймағымыздың 80-жылдығына аранлған басты сыйлықтардың бірі болмақ.

Өткен жылы өңірде барлық қаржы көздерінің есебінен 240 мың шаршы метр үй салынды. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 1,3 есеге артық. Облыс әкімі 2018 жылы бұдан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткіземіз деп уәде берді.

— Ағымдағы жылы 300 мың шаршы метр үй салуды жоспарлап отырмыз, — деді әкім. — Соңғы рет мұндай ірі құрылыс көлемі 25 жыл бұрын болған еді.

Аймақ басшысы 2017 жылы 6 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 10 үй салынып жатқан «Сарыарқа» шағын ауданында құрылыс қарқыны азаймайтынын атап өтті. Сонымен бірге, облыс орталығындағы жаңа «Достық» шағын ауданының инфрақұрылымын тарту жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

Айта кету керек, Павлодар облысы әкімінің есептік кездесуіне Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов қатысты.