
Құтқарушылардың мәліметінше қазіргі кезде қардың қалыңдығы әдеттегі нормадан 10 пайыз төмен. Бұған қарамастан ТЖ департаментіндегілер автомобиль жолдарының 42 учаскесі, темір жолдың 1 бөлігі және облыстың 57 елді мекені есепке алды.
– Біздің мамандар 41 елді мекен бойынша қажетті сақтық жұмыстарын жүргізу қажет деп санайды. Яғни, суағар арықтарды, су тоқтататын жалдарды құру жұмыстарының көлемін анықтау қажет, – деді ТЖ департаменті бастығының м.а. Самат Асайынов. – Сонымен бірге, су ағатын жыралар мен арықтарды қардан тазалап, елді мекендердің сыртындағы қардың ішінен суағарлар тесіп шығу керек. Бізде бар деректер бойынша бұл жұмыстар жүргізілген жоқ. Қазіргі кезде тек қалалар мен аудан орталықтарындағы қар тазаланып, коммуналдық қызмет кәсіпорындары 410 мың шаршы метр қар шығарылды.

Ақсу қаласының әкімі Николай Дычко қалаға іргелес кенттің маңындағы дамба бетон құрамалар арқылы бекітілгенін хабарлады. Ал, жыл сайын қар суы жертөлелеріне кіретін жақын жердегі үйлердің иелері тұрғылықты орындарынан көшкілері келмейді.
– Біз үй иелерімен бірнеше рет сөйлестік, алайда, олар тұрғылықты үйлерінен көшуге құлықсыз, – деді ол. – Соған қарамастан, біз қолданған шаралар бұл үйлерді су басу қаупін сейілтті.
Баянауыл ауданындағы жағдай туралы осы ауданның әкімі Оразгелді Қайыргелдинов айтып берді.
– Біз өткен жылы су тасқыны шайып кеткен Көкдомбақ және Жаңажол ауылдарына апаратын жолдарды жөндеп, ағын су жолдардың үстінен ағып өтететіндей еттік, – деді ол. – Қараащы ауылына апарар жолда ені 15-20 метр болатын суағар канал орнатылды. Осылайша, Қараащы мен Теңдік ауылдарына келетін ағын су Ащысу өзенінің арнасына құйылады.

Мәжіліс соңында Павлодар облысының әкімі әр көктем сайын өзен-көлдерде балық аулау кезінде жұқа мұздың кесірінен суға құлайтын балықшылармен профилактика жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сонымен бірге, Болат Бақауов ауылдық жерлердегі өзен алқаптарында халықтың мал жаюына кедергі қоюды ескертті.