Аймақ басшысы есептік кездесуде облыс тұрғындарынан түскен өтініштердің бәрін бақылауда ұстайды

Аймақ басшысы есептік кездесуде облыс тұрғындарынан түскен өтініштердің бәрін бақылауда ұстайды

16 ақпан күні өткен екі сағаттық кездесуде облыс әкіміне 62 өтініш пен ұсыныстар түскен еді. Болат Бақауов облыстық әкімдіктің кеңейтілген мәжілісінде олардың әрқайсысына жеке тоқталды.

– Халықты толғандыратын сұрақтың қайсысы болса да  жауапсыз қалмауы керек, – деді ол. – Тұрғындардың проблемаларын білу үшін есептік кездесуді күтудің қажеті жоқ. Кез келген елді мекенге барсаңыз, күрмеуі қиын мәселеге тап боласыз.

Елді толғандырған мәселелердің бірі – дәрілік препараттармен үздіксіз қамтамасыз ету. Есептік кездесу кезінде зейнеткер Тамара Иванова мемлекеттен арнайы берілетін диабетке қарсы тегін дәріні ала алмай жүргенін айтып, мұңын шаққан еді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар мемлекеттік сатып алу механизмінің баяу қарқынмен жүргізілетініне өкініш білдіріп, диабетке шалдыққандарға берілетін дәрі қажет көлемде бар екенін айтты.

– Бұл мәселе жыл сайын көтеріледі, оны шешумен нақты айналысу қажет, – деді аймақ басшысы. – Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы облыстық телеарналарда тоқсан сайын тікелей желіде тұрғындардың сауалдарына жауап берулері керек. Сонда ғана бұл жұмыс тікелей халықтың бақылауында болады.

Жиналыс барысында Жетекші ауылы тұрғындарының жаңа мектептің құрылысы туралы өтініші де қаралды. Жобалаушылар жаңа мектептің жобалау-сметалық құжаттарын 1 шілдеге дейін тапсыруға уәде берді.

– Жетекші ауылынан үш шақырым жерде Теміржолшылар кенті бар. Кенттегі мектеп жасындағы балалар бірнеше қала мектептеріне автобуспен жеткізіледі, – деді Болат Бақауов. – Жетекші ауылында мектеп салынса, Теміржолшылар кентіндегі оқушылар жаңа мектепте оқи алар еді. Бұл бағытта да жұмыс істеу керек.

Аймақ басшысы өзінің атына келіп түскен өтінішті жеке бақылауында ұстайтынын айтып, қарамағындағыларға тұрғындардың проблемаларымен жіті жұмыс атқаруды тапсырды.