Болат Бақауов: Цифрландырулармен ақша тапқысы келетіндер емес, кәсіпқойлар айналысуы керек

Болат Бақауов: Цифрландырулармен ақша тапқысы келетіндер емес, кәсіпқойлар айналысуы керек

Павлодар облысының әкімдігінде «Цифрлық  Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев аймақтағы цифрландыру жұмысы мемлекеттік бағдарламаның бес бағыты бойынша жүргізіліп жатқанын айтты.

– Мемлекеттік қызметтерді көрсетуді оңтайландыру және автоматтандыру қарастырылған, – деді ол. – Қазіргі кезде мемлекеттік қызметтердің 38 пайызы электронды форматта болса, 2022 жылға қарай олардың көрсеткішін 85 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр.   

Облыста цифрландыру мәселесімен Инвестицияларды тарту агенттігі айналысады. Агенттіктің өкілдері орындау мерзімі ұзаққа созылмайтын және ауқымды бюджет қаражатын талап етпейтін «жылдам жеңістер» пулын құрастырды.   Жиынға қатысқан «Зерде» ақпараттық-коммуникациялық холдингінің өкілі Қуат Сағадиев геоақпараттық жүйе бірыңғай картасының пилоттық шешімдерін құрастыруды ұсынды. Аталмыш карта техникалық шарттар алу, жер бөлу, жұмыстарды жобалауды нақты уақыт режимінде шешуге көмектеседі.  

– Павлодар облысы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының өзектілігін түсінуде алдыңғы қатардан көрініп келеді, – деді холдинг қызметкері. – Біз өз тарапымыздан ақпараттық, әдістемелік көмек көрсетіп, цифрландыру мәселелері бойынша орталық мемлекеттік органдармен  қарым-қатынастар жасау бойынша жәрдемдесуге әзірміз.

Кездесу соңында аймақ басшысы Болат Бақауов мемлекеттік қызметшілер цифрландыруды насихаттаушылардың алдыңғы қатарында болу керектігін атап өтті.  

– Цифрландыру мемлекеттік қызметтерді көрсетудің ескі дәстүрлерінен арылуға мүмкіндік береді. Қағазбастылықтан құтылып, әр құжатты келісімдеуден арыламыз, – деді облыс әкімі. – Бұл өз кезегінде шешім қабылдаудың шынайылығын арттырады. Сонымен бірге, цифрландырумен қалта қампайтқысы келетіндер емес, кәсіпқойлар айналысулары керек. Қазір нарықта ақша табуды ғана ойлап, орындалған жұмыстың сапасына назар аудармайтын фирмалар қаптап кетті.

Жианлыс қорытындысы бойынша Болат Бақауов «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдаарламасын жүзеге асыру бойынша міндеттерді өзінің орынбасарларының арасында қаржы, экономика, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және білім беру салалары бойынша бөліп берді.