
Кадрлық өзгерістер туралы Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов аппараттық кеңесте хабарлады. Жаңа орынбасарды тағайындай отыра, оның кандидатурасы Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігімен келісілгенін атап өтті.
Дәурен Махажанов 1980 жылы туған, екі жоғары білімі бар. 2001 жылы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «экономист-менеджер» мамандығы бойынша, 2007 жылы – А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін «қаржы магистрі» мамандығы бойынша аяқтады. Экономика ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын 1999 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы әкімі аппаратының бас маманы болып бастады. 2001 жылдан бастап 2009 жылға дейін екінші деңгейлі банктер «Казкоммерцбанк» ААҚ, «АТФБанк» АҚ, «Альянс Банк» АҚ басшылық лауазымдарында қызмет етті. 2009-2015 жылдары «Қазақстанның ипотекалық кредиттерге кепілдік беру қоры» АҚ, «КазАгроФинанс» АҚ, «КазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқармаларының төраға орынбасары, «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы лауазымдарында қызмет атқарды.
Қазіргі уақытқа дейін «Агрофуд Береке» ЖШС директорының орынбасары лауазымында қызмет етті.