
Облыс әкімдігінде жыл сайынғы тамыз конференциясы өтті. Оған педагогикалық қоғамдастықтың басым бөлігі мен қамқоршылық кеңес мүшелері бейнеконференцбайланыс арқылы қатысты. Өңір басшысы кездесуге қатысушыларды келе жатқан жаңа оқу жылымен құттықтап, ерекше көзге түскен педагогтарды марапаттады және білім басқармасының алдына бірқатар міндеттер қойды.
Павлодар облысының әкімі өңір педагогтарына өткен оқу жылының соңында пандемияға байланысты жаңа жұмыс жағдайларына тез бейімделіп, көрсеткен жоғары кәсібиліктері мен ісіне адалдықтары үшін алғыс айтты.
- Сіздердің көпшілігіңіз үшін жаңа оқу жылы қашықтан басталады. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар техника сатып алып, телесабақтар ұйымдастырып, мүмкіндігінше мұғалімдер мен оқушыларды Интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз етті. Бірақ бұл шаралардың барлығы сіздерді жігерлендіретін және біздің таңданысымызды тудыратын мамандыққа деген адалдық пен оқушылар алдындағы борыштылық сезімдеріңіз болмаса, түкке тұрғызыс еді, - деді Әбілқайыр Сқақов тамыз конференциясына қатысушыларға.
Ол оқыту форматының уақытша өзгеруі оның сапасына әсер етпеуімен қатар мектеп пен отбасының өзара іс-қимылын нығайтуға көмектесетініне сенім білдірді. Өңір басшысы сондай-ақ 2025 жылға дейін 82 мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған «Заманауи мектеп» бағдарламасын одан әрі іске асыру жоспарлары туралы айтып берді.
- «Заманауи мектеп» бағдарламасы - бұл сонымен қатар мектептерді материалдық - техникалық жабдықтау, - деп нақтылады Әбілқайыр Сқақов. - Облыстағы мектеп жиһаздарының 70% ескірген және балалардың өсу-жас ерекшеліктеріне сәйкес келмейді. Барлық мектептердің жартысында заманауи жабдықтар жоқ. Осы жылы 308 мектеп жиһазы жиынтығын мен 53 жаңа модификациялы кабинет сатып алу жоспарланған.
Өңірде оқушы орындарының тапшылығын азайту үшін биыл екі жаңа мектеп және жұмыс істеп тұрған оқу орындарына үш қосымша құрылыс салынуда. 2025 жылға дейін тағы 11 жаңа нысан салу жоспарлануда. Балабақшалардағы орындардың жетіспеушілігіне келетін болсақ, облыс әкімінің бағалауынша, бұл ретте мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту үшін перспективалар бар. Бүгінгі таңда өңірдегі 393 мектепке дейінгі мекеменің 3% - ы ғана жеке меншік болып табылады.
- Мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамытуға қосымша білім беру саласында да мүмкіндіктер бар, - деп жалғастырды әкім. - Бүгінде облыста 74 қосымша білім беру ұйымы бар, балаларды қамту 40% - дан асады. Бұл ретте ауыл балаларының үлесі бар-жоғы 7%.
Әбілқайыр Сқақов аудан әкімдеріне аудан орталықтарында оқушылар үйлерін ашу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ өңір басшысы техникалық және кәсіптік білім беру, инклюзивті білім беру және экологиялық ағарту мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, әкім бюджетті жоспарлау әлеуметтік бағыттылықты сақтайтынын және онда ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар ерекше орын алатынын еске салды.
Осылайша, Әбілқайыр Сқақов жеті қысқа және орта мерзімді міндеттерді белгіледі: қашықтан оқыту форматына байланысты білім беру сапасының төмендеуіне жол бермеу, оқушы орындарының тапшылығын азайту, мектепке дейінгі білім беру саласында МЖӘ-ні дамыту, ауылда қосымша білім беруді дамыту, облыс экономикасын дамыту үшін жұмыс кадрларын даярлау, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды және олардың ата-аналарын қолдау, сондай-ақ экологиялық тәрбие деңгейін арттыру. Өңір басшысы білім басқармасына сапалы көрсеткіштерді қамтитын 5 жылдық даму жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Әкім «Педагог мәртебесі туралы» Заңның іске асырылуына үлкен үміт артатынын атап өтті.
- Сіздерге тән емес көптеген функциялардан босату және біздің тұрақты қолдауымыз сіздерді жаңа жетістіктерге жетелейді деп үміттенемін, - деді Әбілқайыр Сқақов педагогтарға. - Павлодарлық мұғалімдер мен оқушылардың алдында көптеген жеңістері бар екеніне сенімдімін. Павлодарлық білім әрқашан жоғары сапаның синонимі болған және ешқандай пандемия бұл дәстүрді бұзбайды.
Конференцияда ерекше көзге түскен педагогтарды түрлі наградалармен және сыйлықтармен атап өтті. «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс белгісін Тереңкөл ауданының аграрлық-техникалық колледжінің басшысы Рафик Ғабидуллин, Павлодар қаласының №86 балабақшасының басшысы Бақыт Исабекова, Успен ауданының №3 мектебінің директоры Бибігүл Жұмабекова және Екібастұз №6 лицей директорының әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Галина Ли алды. «Ыбырай Алтынсарин» төс белгісіне Тереңкөл ауданының №2 Песчаное мектебінің директоры Назигүл Әлипова, Павлодар қаласының №3 гимназиясының басшысы Қорлан Құспекова, Павлодар ауданының білім беру бөлімінің басшысы Сәкен Майдисаров, дарынды балаларға арналған №8 лицейдің химия пәнінің мұғалімі Ирина Молокова және Ақсу қаласындағы «Балапан» балабақшасының директоры Әмина Сартова ие болды. «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісі Екібастұз №1 лицейінің директоры Гүлжан Әбішева мен Павлодар технологиялық колледжінің басшысы Қабылқақ Қапеновке табыс етілді. Сонымен қатар кездесуде «Орта білім берудің үздік ұйымы 2020» байқауының қорытындысы шығарылды. Павлодар қаласының №25 мектебі, Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайы, Майқайың № 1 мектебі және Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжі жеңімпаз атанды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Әбілқайыр Сқақов «Павлодар облысындағы білімнің дамуына қосқан үлесі үшін» сыйлығын тағайындаған болатын, оны жыл соңына дейін өңірдің 50 мұғалімі алады.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суретті түсірген Валерий Бугаев