Кадрлық ауыс-түйістер

Кадрлық ауыс-түйістер

Басқа жұмысқа ауысуына байланысты Сергей Саламацкий Успен ауданының әкімі лауазымынан босатылды. Бос орынға бұған дейін Павлодар облысы әкімінің ауыл шаруашылық мәселелері жөніндегі орынбасары болып қызмет еткен Бауыржан Қасенов жайғасты.  

– Бауыржан Қасеновтың бай кәсіби тәжірибесі мен атқарушы органдардағы еңбек өтілін ескеретін болсақ, ол ауданның дамуына қомақты үлес қосады деп ойлаймын, – деді аймақ басшысы. – Успен ауданы өңіріміз үшін аса маңызды стратегиялық аудан. Ауданның инвестициялық тартымдылығы аса жоғары. Ауыл шаруашылығы жоғары қарқынмен дамып келеді. Ауданның потенциалын ауыл шаруашылығын дамыту үшін толықтай пайдалану қажет. Ауыл шаруашылық мақсаттардағы жерлерді айналымға енгізу де басты орында тұр. Сонымен бірге, жеке инвестициялар есебінен жол бойындағы сервисті дамытып, қайта өңдеу нысандарын ашу және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру керек.

 Облыс әкімі жаңа тағайындалған әкімге өткен жылы ауданның бірқатар бөлім басшылары мемлекеттік қызметке нұқсан келтіретін теріс қылықтары үшін жауапқа тартылғанына назар аударуды сұрады.