
– Соңғы алты жылдың ішінде ERG Павлодар облысының дамуына 11 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсады, – аймақ басшысы Болат Бақауов. – Өткен жылдың өзінде ғана екі арадағы меморандумның шеңберінде облыс орталығында түсті металлургия колледжінің студенттері үшін 200 орындық жатақхана салынып, екі күрес залы жөнделді. Павлодар және Ақсу қалаларының саябақтарында стрит-воркаутқа арналған 62 тренажер орнатылды, – деді Болат Бақауов. – Еуразиялық топтың қаржысының арқасында Баянауыл ауданында тау-шаңғы трассасына арналған канат жолының құрылысы аяқталып келеді. Облыс орталығында салынып жатқан 50 метрлік жүзу бассейнінің құрылысы да меморандум аясында түскен қаржының есебінен жүргізіліп жатыр.

Қол қойылған меморандум бойынша бөлінген Еуразиялық топтың қаржысы өңірде спортты дамытуға және насихаттуға бағытталады. Сонымен бірге, Павлодарда жаңа мұз айдыны салына бастайды және Ақсу қаласындағы орталық жағалаудың құрылысы жалғасады. Сонымен бірге, облысымыздың кәсіпқой футбол және волейбол командалары да ұмыт қалмады.

– Бизнес үшін айтуға қиын болса да, біз ақшамыздан айрылғанымызға қуанып отырмыз, – деді ERG S.a.r.l. директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич. – Біз Павлодар облысымен қарым-қатынастардың жаңа деңгейіне шықтық. Егер, бұған дейін біз бөлшектік жобаларды жүзеге асырсақ, ендігі жерде ірі қалалар мен мегаполистерге тән ірі жобаларды қолға алып отырмыз. Адамдар мұны көреді әрі түсінеді деп ойлаймын. Біз үшін басты критерий – Қазақстан, оның ішінде, Павлодар облысы халқының жайлы және бақуатты өмір сүруі.

Құжатқа қол қойғаннан кейін, Болат Бақауов пен Александр Машкевич Мүгедектер мен қарттар үйіне барды. Мұнда оларға ERG компаниялар тобы жеке меншіктен сатып алып, Павлодар облысына сыйға тартқан жаңа корпустың таныстырылымы өткізілді.

