100 жас мерейтойымен құттықтады!

 100 жас мерейтойымен құттықтады!

Бір ғасыр межені бағындырған ақсақал өзінің жасына қарамастан әлі тың екен. Қонақтарды қарсы алғаннан кейін ол өзінің ұзақ жасауының құписымен бөлісті.  

– Жасым жүзге келсе де күш-қуатым тайған жоқ, – деді ол. – Тоқсан жасқа дейін көлік жүргіздім. Осы жасқа дейін шылым шекпедім, ішімдікті татып алмадым. Бәріңе де теріс қылықтан алшақ жүруге кеңес беремін. Ұзақ жасаудың сыры осыған байланысты.

Мерейтой иесін құттықтаған аймақ басшысы ардагердің денсаулығының жақсы екендігіне қуанып отырғанын айтты. Болат Бақауов Ғабдолла атаға шапан жауып, теледидар сыйлады.  

– Сіздің отбасылық жағдайыңызға қарап көңілім өсіп отыр, – деді облыс әкімі. – Ұлыңызды ұяға, қызыңызды қияға қондырып, шөпшектеріңіздің ержетуін көрген Сіз бақытты жансыз. Сіздің өмір жолыңыз ұрпаққа үлгі болып қалары сөзсіз.  

Ғабдолла Бейсембаев 1918 жылы Качир ауданының Қызылтаң ауылында дүниеге келген. 1938 жылы Алматыдағы кооператив техникумын аяқтаған соң Қызыл Армия қатарына алынып, артиллерия полкының мектебінде оқиды. Ол 11-ші армияның 515-ші артиллерия полкінің құрамында Батыс Украинаға жорық жасап, финн-кеңес соғысына да қатысады. 1941 жылдың қазан айында Одессадағы артиллерия училищесін аяқтаған соң  гаубица полкінің 2-ші дивизионында байланыс взводының командирі болып тағайындалады. Ғабдолла Бейсембаев Мәскеуді қорғауға қатысып, екі рет жарақат алады. 1943 жылы ауыр жарақаттан кейін госпитальде емделіп, комиссиядан кейін еліне оралады. 1943 жылдан бастап Павлодар облысында басшылық қызметтерді атқарады. Ғабдолла Бейсембаев Михайлов аудандық атқару комитетінің сауда бөлімін басқарушы, Үрлітүп МТС-да партия бюросының хатшысы, «Советтік Қазақстан» және «Үрлітүп» кеңшарларында партком хатшысы және экономист болып қызмет атқарады. Соғыс кезіндегі жауынгерлік ерлігі мен бейбіт кезеңдегі қажырлы еңбегі үшін жоғары наградалармен марапатталған. Майдангердің 13 медалі, Жауынгерлік Қызыл ту, Отан соғысының 1 дәрежелі Даңқ ордендері бар. «1941-1945 жж. Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.