Әбілқайыр Сқақов: Біз халық үніне құлақ асқысы келмейтін басшылармен қоштасатын боламыз

Әбілқайыр Сқақов: Біз халық үніне құлақ асқысы келмейтін басшылармен қоштасатын боламыз

Павлодар облысының әкімі мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы барлық кедергілерді жоюды талап етті. Өңір басшысы атап өткендей, биліктің стратегиялық міндеті – тұрғындардың мәселелерін жедел шешетін мемлекеттік аппараттың сервистік моделін қалыптастыру. Облыс әкімдігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссияның отырысы өтті.

Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Айдар Тастеміровтың айтуынша, 2020 жылдың 7 айында өңірде 88 сыбайлас жемқорлық қылмысының жолы кесілді. Парақорлықпен байланысты қылмыстарды анықтау өсімі байқалады: 57, ал өткен жылы 27 қылмыс анықталған болатын. Сонымен қатар, облыста шағын және орта бизнес субъектілерінің заңды қызметіне кедергі келтірудің 10 фактісі анықталды.

- Біздің өңір елімізде алғашқылардың бірі болып қалалық және аудандық сервистік әкімдіктердің ашылуын аяқтады. Олардың мақсаты мемлекеттік органдардың қолжетімділігі мен ашықтығы, әуре-сарсаңға салу мен бюрократияны жою, сондай - ақ қызметтер мен кеңес алуға келген азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау болып табылады, - деп атап өтті Айдар Тастеміров. - Алайда, іс жүзінде олардың көпшілігінің қызметі - бұл толықтай жалғандық. Мысалы, Аққулы, Тереңкөл, Ақтоғай, Железин және Успен аудандарындағы сервистік әкімдіктер талаптарына сай келмейтін ғимараттарда орналасқан. Баянауыл ауданының сервистік әкімдігі тұсаукесер күні ғана ашылып, кейіннен жабылып қалды. Аудандардың сервистік әкімдіктеріне ескі жиһаздарды, ескірген компьютерлер мен оргтехниканы орнату фактілері орын алды. Шарбақты ауданында ашылған кезде компьютерлер тіпті желіге қосылмаған болып шықты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте күзет бекеттері бар, телефондары жоқ және жергілікті жерде мамандары жоқ мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қолжетімділігіне қатысты сұрақтары бар.

- «Ашық әкімдіктер» бюрократия мен формализмді болдырмау үшін құрылды, ал іс жүзінде ішкі мазмұны жоқ, тек аты ғана бар, - деп түйіндеді облыс әкімі. - Олардың жұмысы үшін үлкен ресурстар қажет емес, бірінші басшының бастамасы жеткілікті. Мұндай сервис-орталықтарды өңірдің басқармалары мен департаменттері деңгейінде, сондай-ақ 1000-нан астам адам тұратын ауылдарда іске қосу қажет.

Тексеру комиссиясының төрайымы Айнагүл Құрманова аудиторлық тексерулердің қорытындылары туралы айтып берді. Жыл басынан бері мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдарда тексерушілер 14,7 миллиард теңгенің заң бұзушылықтарын анықтады. Басым бөлігі - 79,2% - бұл бухгалтерлік есеп саласындағы бұзушылықтар. Тексеру комиссиясындағы жүйелі қаржылық бұзушылықтардың негізгі факторларының бірі әлсіз стратегиялық және бюджеттік жоспарлау деп аталды. Бұл тұжырыммен өңір басшысы да келісті.

- Әкімдер мен басқарма басшылары бюджетті дұрыс жоспарлауды үйренген жоқ, нәтижесінде қаржылық бұзушылықтар пайда болуда, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Бір мысал-біздің білім беру саласының бюджеті ең ірі бюджеттерінің бірі. Бұл ретте 11 мың орынды құрайтын оқушы орындарының тапшылығы қысқармай отыр. Ауылдық жерлердегі шағын жинақты мектептер мен қалалардағы шамадан тыс жүктелген мектептер арасындағы сәйкессіздік сақталуда. Бюджет шығыстары бұл мәселені шешуге бағытталмаған, ал біз жыл сайын шамадан тыс жүктелген мектептерге қосымша құрылыстар салуымыз керек. Біздің міндетіміз-бұл тапшылықты алдағы екі-үш жылда қысқарту.

Кеңестен кейін облыс әкімі Antikor Ortalygy фронт-офисінде болды, онда өңірдің кез келген тұрғыны сыбайлас жемқорлық жағдайында немесе мемлекеттік органдардың жұмысына шағым болған жағдайда жүгіне алады.

Әбілқайыр Сқақов бүгінде биліктің міндеті – шенеуніктер мен қарапайым тұрғындар арасындағы барлық кедергілерді жою екенін атап өтті.

- Біздің стратегиялық міндетіміз - тұрғындардың әрбір сұранысы бойынша жедел шешім қабылдайтын мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, - деді өңір басшысы. - Ашық саясатты қолдамайтын және халық үніне құлақ асуға тырыспайтын селқос басшылармен қоштасатын боламыз.

Әкімнің айтуынша, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыруға цифрландыру да ықпал етуі тиіс, ол ең алдымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері болуы мүмкін мемлекеттік қызметтерді қамтуы тиіс.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі Суретті түсірген Валерий Бугаев