Интернет барлық ауылдарға қолжетімді болады

Интернет барлық ауылдарға қолжетімді болады

Жиналыс барысында облыс әкімінің аппарат басшысы Расул Оразғұлов облыстағы 368 ауылдың 35-і әлі де Интернет желісіне қосылмағандықтан «Электронды үкімет» порталының қызметтерін пайдалана алмай отырғанын айтты. Интернетке 100 пайыз қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін бұл ауылдарда автономды стансалар құру ұсынылды.

– Бір стансцияны құру жұмыстары 110 мың теңге тұрады, ай сайынғы абонеттік төлем – 56 мың теңге, – деді өңірлік жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермұрат Нұрханов. – Осы жұмыстармен айналысып жатқан компания да бар.    

Интернетсіз отырған ауылдарды ғаламтор желісіне қосу жұмыстарын 2018 жылдың соңында аяқтау жоспарланған еді. Алайда, облыс әкімі бұл мәселені алғашқы жартыжылдықта шешуді тапсырды.

– Жылдың соңына дейін созбалақтау жарамайды, – деп кесті  Болат Бақауов. – Осы мәселе бойынша нақты тапсырма болған еді, алайда, ол әлі шешімін таппай жатыр. Бірінші жартыжылдықтың соңына дейін мәселені шешуді тапсырамын! Қажетті қаражатты келесі бюджетті нақтылау кезінде бөлу үшін бұл жұмыстарға қандай сома қажет екенін анықтау керек.