
Достық үйінде өткен өңір активінің отырысында Павлодар облысының әкімі Ұлт Көшбасшысының әлеуметтік бастамалары әр қазақстандықтың өмірін жақсартуға бағытталып отырғанын атап өтті. Болат Бақауов ең алдымен «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасына тоқталып, ендігі жерде елімізде салынып жатқан жаңа пәтерлер мен жеке үйлер азаматтарға қолжетімді болатынын атап өтті.
– 2017 жылы өңірімізде 13 көп пәтерлі үйлер салынды, бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 49%-ға артық, – деді ол. – Ағымдағы жылы біз 300 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Жаңа бағдарламаның арқасында көптеген павлодарлықтар жайлы қоныстың иесі бола алады.

Айта кету керек, Павлодар облысының халқы Нұрсұлтан Назарбаевтың студент жастарды жатақханалармен қамтамасыз ету туралы бастамасын қызу қолдады. Өткен жылы облыс орталығында екі бірдей жатақхана салынған еді.
– Студенттер мен олардың ата-аналарының көздеріндегі қуанышты көру біз үшін ең үлкен бақыт, – деді әкім. – Ауылдан білім іздеп келген жастар қай жерде тұратынын ойламай, алаңсыз оқуы қажет. Жатақханаларды салу барысында мемлекеттік-жекешелік әріптестікке баса назар аудару қажет.

Болат Бақауов Елбасының жергілікті атқарушы органдарға жүктеген міндеттерін орындауға болатынын атап өтті. Ол өзінің орынбасарларына іс-шараларды жүзеге асыру бойынша орталық органдармен әрекеттесу алгоритмін және бес әлеуметтік бастама бойынша «Жол картасын» құрастыруды тапсырды.