
Павлодар облысының әкімі өңір тұрғындарымен бейнеконференцбайланыс арқылы кездесті. Олардың мәселелері жергілікті атқарушы органдардың жұмысына, әлеуметтік және медициналық көмекке, сондай-ақ тұрғын үй беруге қатысты болды.
Мәселен, Шарбақты ауылының тұрғыны ауыл әкімдігінің жұмысына теріс баға беріп, аудан орталығын абаттандыру мәселелеріндегі кемшіліктерді айтты. Облыс әкімі жергілікті атқарушы органдарға мәселелерді шешуге үш күн берді және оларға тұрғындармен белсенді байланыс орнатуды тапсырды.
Павлодар тұрғындарының бірі ерекше қажеттіліктері бар адамдарға бекітілген жеке көмекшілердің еңбекақысының төмендігіне шағымданды. Сонымен қатар ол өңір басшысына әлеуметтік қорғау саласындағы «шенеуніктердің мейірімсіздігін» көріп жүргенін айтты. Облыс орталығының тағы бір тұрғыны аутизмі бар балаларға арналған стоматологиялық кабинет ашуды сұрады. Бұл мәселені осы жылдың қыркүйек айында шешуге уәде берілді.
Екібастұздың тұрғыны облыс әкіміне мемлекеттік қордан берілетін тұрғын үй кезегінде тұрған анасына пәтер беру мәселесі бойынша жүгінді. Ер адамға Екібастұздағы тұрғын үй құрылысы бойынша кезектің жылжу тәртібі мен жоспарлары туралы түсінік берілді. Биылғы жылы онда 50 мың шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған және болашақта мұндай динамиканы сақтап қалуға ниетті.
Әбілқайыр Сқақов жергілікті жерлердегі мемлекеттік қызметшілер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұстануы және тұрғындардың өтініштеріне бюрократиясыз жауап беруі тиіс екенін еске салды. Ол қоғамның шенеуніктердің жұмысына қанағаттану деңгейі Павлодар облысының барлық мемлекеттік аппараты жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі екенін атап өтті.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі