Наурыз құтты болсын!

Наурыз құтты болсын!

Алаңға сегіз қанатты жеті киіз үй орнатылды. «Ертіс шежіресі» атты өлкетану киіз үйінде Г.Н. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен мұрағат қызметкерлері Ертіс өңірінің экспонаттары мен құжаттарының көрмесін ұйымдастырды. Бұқар жырау атындағы мұражай мен кітапхананың «Асыл мұра» киіз үйінде өңіріміздің жазушылары, ақындары мен сазгерлерінің өмірі мен шығармашылығы туралы айтылды. Қазақстан халқы ассамблеясы этникалық тақырыптағы «Достық» киіз үйін тіккен. Облыстық география үйі мен жергілікті университеттердің география кафедраларының «National Geographic» киіз үйінде қызықты экспонаттар көрмесі ұйымдастырылды. Ұлттық шеберлердің үздік жұмыстары, ұлттық киімдері, бас киімдері мен әшекейлері «Бабалар өнері – ұрпаққа аманат» және «Культурный колорит эпохи» деген екі киіз үйде көрсетілді. «Молодежь – инновации – будущее» киіз үйінде қонақтарды өскелең ұрпақтың өкілдері қарсы алды.

Өңіріміз Наурыз мейрамын үлкен жетістіктермен қарсы алуда, сондықтан жерлестерімізге қосқан үлестері үшін үлкен алғысымды білдіремін, – деді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов. – Атаулы мереке күні зор денсаулық, отбасыларыңызға бақыт пен амандық тілеймін.

Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламалар Орталық алаң мен жағалаудың үш жерінде өтті. Наурыз мейрамына орай алғаш рет дизайнерлер мен сәнгерлер арасында қазақ ұлттық киімінің «Наурыз сәні» байқауы, ал мектепке дейінгі мекемелер үшін «Ақ дастархан» бауырсақ байқауы  жарияланды.

Орталық алаңда дәстүр бойынша бауырсақ және палау таратылды.

Қала тұрғындары мен қонақтары 5 мың бауырсақтан, 600 кг. палаудан, сондай-ақ 300 литр наурыз көжеден дәм тата алды.