Тасқын судан келер қауіп жоқ

Тасқын судан келер қауіп жоқ

Құтақрушылардың ақпараты бойынша Павлодар облысындағы қар қабатының биіктігі апта сайын орта есеппен 3-5 сантиметрге төмендеп келеді. Ауа райы өзгермесе, қар құрсауы үш аптаның ішінде еріп бітеді. Жалпы алғанда, өңірдегі су тасқынына қарсы дайындық шаралары толықтай бақылауға алынды. Айта кету керек, Павлодар облысы әкімінің тапсырмасы бойынша су тасқынының салдарымен күресіп жатқан Шығыс Қазақстан облысына арнайы техника мен құтқарушылар жіберілді.  

– 23 наурыз күні Шығыс Қазақстан облысына арнайы техниканың бес бірлігі, 3 мотопомпа және 12 құтқарушы аттандырылды, – деді ТЖД-ің бастығы Абай Темірбаев. – Қазіргі кезде біздің арнайы жасақ Өскемен қаласында еріген қар суын шығарумен айналысып жатыр. Жеке құрам ыстық тамақпен, жанар-жағармай материалдарымен және жатын орындармен қамтамасыз етілді.

Ертіс өзенінде алдағы 3-4 аптаның ішінде табиғатты сақтау мақсатында жіберілетін суға келетін болсақ, олардан келер қауіп жоқ. Ертіс бассейні инспекциясындағылардың айтуы бойынша Бұқтырма суқоймасындағы су көлемі 39,3 шаршы километрді құрайды, бұл оның жобалық көлемінің 80 пайызы ғана.

– Ауа райының жағдайы мен Қазгидрометтің болжамын есепке ала отырып, табиғатты сақтау мақсатында су жіберу бойынша ведомствоаралық комиссия 10-15 сәуір аралығында отырыс өткізеді, – деді инспекция басшысы  Қазымбек Баймағамбетов. – Егер, өткен жылы 7,3 шаршы километр су жіберілсе, биылғы жылы су жіберу көлемі  5,5 шаршы километр су жіберіледі. Жалпы алғанда, қазіргі кезде  Павлодар обылсына төнер қауіп жоқ.