
Депутаттарға өндірістік мекеме мұражайын таныстырып, зауыт цехтерінің бірін аралатты. Одан кейін облыс әкімі депутаттарға Ақсудың алдағы дамуы жөнінде айтып берді.

– Бүгінгі күні қалада іске қосылуы 2019 жылға жоспарланған жаңа пештің құрылысы жүріп жатыр, – деді ол. – Оның жалпы сомасы 11 млрд. теңгені құрайды, 4,5 млрд. теңгесі облыс бюджетінен бөлінетін болады

Сонымен қатар, металлургтер қаласында жеке тұрғын үй құрылыстары белсенді түрде басталуы тиіс. Оның ішіне су, жылу, электр қуатының желілері тартылған 465 жер телімі де кіреді.

– Қазір біз бұл жер телімі иелерімен байланыс орнатып, олардың құрылыс бастауға дайындығы туралы ақпарат жинаудамыз,- деді Болат Бақауов. – Оған қоса, біз бұл ауылдағы үй құрылысымен бір мердігердің айналысқанын қалаймыз. Павлодар тұрғын үй құрылыс комбинаты бір типтік үйді бітіріп, оны таныстыруға дайын. Бұл жоба ұнаса, ТҚК бір апта ішінде үйді тұрғызып, бірінші әрлеу жұмыстарын бастау үшін тапсыра алады.

Ақсу ферроқорытпа зауытының қызметкерлері мәжілісмендерге өз сұрақтарын қою мүмкіндігіне ие болды. Металлургтер Президент ұсынған «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының жүзеге асуы қашан басталатынын анықтап, зейнетақы аннуитетін алу шарттарын депутаттардың қайта қарауын өтінді.
