
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовпен ресми кездесу барысында Түмен облысының губернаторы Владимир Якушев Қазақстан мен Ресейді ортақ шекаралар ғана емес, сондай-ақ тарихи және мәдени байланыстар біріктіретінін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі кезде екі елдің әсіресе, Павлодар мен Түмен арасындағы бірлескен сауданы кеңейтудің мүмкіндігі жоғары.
– Түмен облысы дамуының маңызды факторларының бірі – инвестиция, – деді өз өңірінің мүмкіндіктерімен таныстырған губернатор. – Өткен жылдың қорытындысы бойынша олардың көлемі 19 % өсіп, 295 миллиард рубльді құрады. Қазір облыс тізімінде 1,6 триллион рубль болатын 500 инвестжоба бар.

Кездесуде Түмен облысының одан арғы индустриалды дамуы индустриалды саябақпен байланысты екені айтылды. Бұл – инвесторларға барлық коммуникацияларға қосылуға, жеңілдік жағдайларына және қаржылай қолдаудың тетіктеріне қол жеткізуге мүмкіндік беретін арнайы экономикалық аймақ. Владимир Якушев осындай жолмен павлодарлықтарға жеңіл және тамақ өнеркәсібінде, логистика мен саудада серіктес болуды ұсынды.
Болат Бақауов өз кезегінде Павлодар облысының мүмкіндіктерін айтып, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында инвесторларға көрсетіліп отырған артықшылықтарға тоқталды. – Мысалы, жылына 250 мыңнан астам бастапқы алюминий шығаратын Павлодардағы қоспалы алюминий өндірісін новосібірлік инвесторлар ретке келтірді. Оған қоса, Краснояр инвесторлары автомобильдің алюминий дискілерін өндіруді қолға алды.

Кездесу соңында Болат Бақауов Владимир Якушевке қос өңір арасында ынтымақтастық келісімін жасауды ұсынды. Тараптар құжатқа Петропавлда өтетін XV Қазақстан мен Ресейдің өңірлік ынтымақтастық форумында қол қоюды ұйғарды.