Павлодар облысы әкімінің Алтай өлкесіне жұмыс сапары

Павлодар облысы әкімінің Алтай өлкесіне жұмыс сапары

Павлодар облысы әкімінің Алтай өлкесіне сапары 11-12 сәуірге дейін жалғасады. Жоспар бойынша аймақ басшысы Александр Карелинмен ресми кездесуде 2018-2019 жылдарға арналған ауданаралық іс-шаралар жоспарына қол қойылмақ.

Артынша павлодарлық делегация Болат Бақауовтың бастауымен металл өнімдерін жеткізетін «Сибэнергомаш – БКЗ» ЖШҚ кәсіпорнына, «АгроЦентр» ААҚ ауыл шаруашылығына машина жасау зауытына және өсімдік майын өндіретін «Юг Сибири» кәсіпорнына барады. Бұдан бөлек, павлодарлықтар шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша Алтай қорында болып қайтпақ. Павлодар мен Барнауыл өндірістік кәсіпорындарының өкілдерімен «business-to-business» кездесулер мен өндіріс, инвестиция, инновация, шағын және орта бизнес, туризм мәселелері бойынша қос тарапты келіссөздер жүргізіледі деп жоспарлануда.

Түменге барған жұмыс сапарындағыдай, Павлодар облысының әкімі Алтай өлкесінде тұратын қазақ диаспорасы өкілдерімен кездеседі. Бұдан бөлек, Болат Бақауов «Авальман» тау шаңғысы түсер жолына бармақ.

Жұмыс сапары барысында павлодарлық делегация өкілдері алтайлық әріптестерімен агроөндірістік кешен, машина жасау және химиялық өндіріс саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін талқылайды. Сондай-ақ, ресейлік серіктестерге «Павлодар» арнайы экономикалық аймақ аясында іскерлік серіктестік ұсынылады.