
Ресми кездесуде басшысы аймақаралық серіктестік мәселесін талқылады. Алтай өлкесінің басшысы Павлодар-Алтай қарым-қатынасына үлгі тұтарлық деген баға берді. Және де екі көрші облыстың серіктестігі ешқашан сауда-экономикалық байланыспен шектелмейтінін баса айтты.
– Біздің арамызда гуманитарлық бағыттағы өте жақсы дәстүрлер бар, – деді Александр Карлин. – Алтай өлкесінде медицина өте дамыған және біз көрші мемлекеттің азаматтарына жоғары білікті медициналық көмек көрсете аламыз.

Павлодар облысының әкімі өзінің сәлемдесуінде Алтай өлкесінде агроөндірістік кешен, машина жасау, химиялық өндірістің дамығанын айтып, дәл осы бағыттарда бірлескен жобаларды бастауға болатынын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, Болат Бақауов туризм саласында серіктес болуға қызығушылық білдірді.
– Алтай өлкесі Ресейдің алдыңғы қатарлы туристік аймағы саналады,- деді ол. – Біздің турұйымдар сәуірдің соңында өтетін ауқымды Халықаралық VISIT ALTAI форумына қатысуды жоспарлауда.

Алтай өлкесінде павлодарлық делегация қазан дайындап шығаратын “Сибэнергомаш БКЗ” зауытына, “АгроЦентр” ауыл шаруашылығына, машина жасау кәсіпорны мен “Юг Сибири” күнбағыс өңдеу зауытына барады.