
Өзен портының қызметкерлері Павлодар облысының әкіміне Ертісті тереңдету қажеттілігін еске салды, ал трамвай қызметкерлері «Достық» ықшам ауданының аумағында жаңа желілер салу үшін жоба дайындағандықтарын айтты.
Өңір басшысы жұмыс сапарын өзен портынан бастады. Бүгінгі таңда кәсіпорын жылына 2 миллион тоннаға жуық өнім тасымалдайды және өндіреді, ал ең жоғары мүмкіндігі 6,5 миллион тонна. Өзен портының жұмыскерлері құмды, қиыршық тасты және ағашты ауыстырып тиеу көлемін арттыруға дайын, алайда ол үшін Омбы - Үрлітөбе, Үрлітөбе - Павлодар және Павлодар - Курчатов сияқты Ертістің кем дегенде үш учаскесінде түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет. Әбілқайыр Сқақов бұл жұмыстарды қаржыландыру нұсқалары қарастырылатынын атап өтті, ал өзен портының басшылығы өз кезегінде флотты жаңарту мәселесімен айналысуы керек. Қазір кәсіпорында 5 теплоход, жүк көтергіштігі 1000 тонна болатын 11 баржа және жүк көтергіштігі 3000 тонна болатын 2 баржасы бар.
- Бұдан басқа, біздің Ертіс және Железин сынды алыс аудандарымызға өзен көлігімен көмір тасымалдау мүмкіндігін қарастыру қажет, - деді кәсіпорын өкілдеріне Павлодар облысының әкімі. - Бұл бүгінгі күні қолданылатын қатты отын пайдаланатын автокөлікпен тасымалдауға қарағанда әлдеқайда арзан.
Павлодар трамвай басқармасында өңір басшысына шектеу шараларына байланысты жылдың басынан бері вагондар жалпы алғанда екі аптаға жуық жолға шықпағанын хабарлады. Бұл ретте кәсіпорын ұжымды сақтап қалып, тіпті кондукторлардың жалақысын 30% - ға көтеріп отыр. Депо басшысы Муслим Махмудов компания «Дачный» шағын ауданынан әуежайға апаратын айналма жолға қарай жаңа трамвай желілерін салу жобасын дайындағанын атап өтті.
- Бұл жоба мемлекеттік сараптамадан өтуі тиіс, - деп атап өтті Муслим Махмудов. - Әзірленген құжаттамаға сәйкес желілердің ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын болады. Бұл жолдар 60 мыңға жуық адамды қоныстандыру жоспарланып отырған жаңа «Достық» шағын ауданының бойында орналасады.
№1 автобус паркінде облыс әкіміне күн сайын 79 бірлік автокөліктің 50 автобусқа жуығы жолға шығатынын айтты. Кәсіпорынның диспетчерлік қызметінде автобус қозғалысына онлайн-мониторинг жүргізіледі және кесте бойынша кез келген кешігулер мен озуларды бақылап отырады.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суретті түсірген Валерий Бугаев