
Облыс әкімдігінде өңір басшысының төрағалығымен өңірлік жедел штаб отырысы өтті. Әбілқайыр Сқақов карантиндік шараларды кезең - кезеңімен алып тастауға байланысты мемлекеттік органдар үшін басты міндет-эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне жол бермей, ШОБ-тың жұмысқа тиімді көшуін қамтамасыз ету екенін еске салды.
Павлодар облысындағы қазіргі эпидемиологиялық жағдай туралы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Біржан Досмайылов баяндады. 12 және 13 тамызда өңірде сырқаттанушылықтың өсуі 0,5% және тиісінше 0,3% құрады.
- Аурудың азаюының тұрақты динамикасы байқалады, - деді Біржан Досмайылов. - Мұны жедел жәрдем желісі бойынша шақырулар саны растайды. Шілде айының басында 103 пультіне тәулігіне 1 120 шақыру келіп түссе, кеше жедел жәрдем станциясына 475 шақыру келіп түсті. Ауруханаларға жатқызылғандардың саны 6 еседен астам азайғаны байқалады. Бір апта ішінде амбулаторлық деңгейдегі науқастар саны 776 адамға азайды.
Павлодар облысының әкімі жағдайдың тұрақтануы арқаны кеңге салуға себеп емес екенін атап өтті. Өңірде денсаулық сақтау жүйесі мен басқа да құрылымдарды күзге дайындау бойынша жоспар жүзеге асырылуда.
- Пандемияның басында бізде 226 оттегі нүктесі болса, бүгінде олардың саны 6 есеге жуық артты, - деді Әбілқайыр Сқақов. – Бүкіл өңір бойынша ауруханаларда қосымша 7 автономды оттегі станциясы орнатылуда. Бұдан басқа, ауылдық жерлерде бірқатар түрлі аурулар бойынша тексеру жүргізетін үш мобильді кешен іске қосылатын болады. Жедел жәрдем станциясы үшін қосымша 39 реанимобиль сатып алынады. Өкпені жасанды желдету аппараттары бойынша: жылдың басындағы 108-ден алдағы күзге қарай олардың санын 322-ге дейін арттыру жоспарлануда. Бүгін барлық күш-жігерімізді күзге дайындыққа шоғырландыру қажет. Жедел респираторлық аурулар мен тұмаудың толқыны басталар алдында тұрғындарды барынша ерте иммундау қажет.
Жедел штаб отырысы барысында ұзақ уақыт бойы тоқтап тұрған немесе шектеулі жағдайларда жұмыс істеген шағын және орта бизнестің карантин жеңілдетілгеннен кейін қалай жұмыс істейтіні талқыланды. 58 ірі сауда нысаны, 450-ге жуық сұлулық салоны, 500-ден астам білім беру орталығы, фитнес-залдар, монша кешендері және ашық ауада орналасқан аттракцион парктері Павлодар облысы бойынша қызметті қайта бастауға өтінім бере алады.
- ШОБ қызметін қайта бастау жөніндегі өтінімдер infokazakhstan.kz сайтында қабылданатын болады, - деді өңір басшысының орынбасары Сәкен Шаяхметов. - Кәсіпкерлер санитарлық нормаларды сақтауға өздерінің дайындығы мен жауапкершілігін құжатқа электрондық цифрлық қолтаңба қол қою арқылы растауы тиіс. Осылайша бизнестің санитарлық режимді сақтау жауапкершілігі бекітіліп, барлық талаптар кәсіпкерлерге жеткізіледі. Біз ШОБ ірі субъектілері 17 тамыздан бастап жұмыстарын бастап кетулері үшін барынша күш салатын боламыз. Бірақ бұл мониторинг жүргізіліп, санитарлық дәрігерлердің тиісті қорытындысы берілгеннен кейін ғана мүмкін болады. Сондықтан кейбір кәсіпкерлер өз қызметін сәл кешірек жалғастыра алады.
Облыс әкімі бақылаушы органдардың мониторинг жүргізуді кешіктірмей, шағын және орта бизнес жұмысын қайта бастауға ықпал етуін талап етті. Бұл ретте ШОБ субъектілері барлық санитарлық-эпидемиологиялық нұсқамалардың сақталуы үшін жауапкершілікті өзіне алуы тиіс.
Баянауыл ауданының курорттық аймағына келетін болсақ, мұнда 32 демалыс үйі, 8 қоғамдық тамақтану нысаны және 6 сауда орны қызметті қайта бастауға рұқсат алды. Демалыс базалары 50% максималды жүктемемен жұмыс істеуге міндетті, ұлттық парк аумағына жолдамалары бар туристерді ғана кіргізетін болады.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суретті түсірген Валерий Бугаев