Шыбын-шіркеймен күресуге дайынбыз

Шыбын-шіркеймен күресуге дайынбыз

Басқарма басшысы Ержан Иманзаипов биылғы жылы дезинсекциялық жұмыстарға 602 миллион теңгеден астам қаражат бөлінгенін айтты, ішіндегі 22 миллионы мемлекеттік сатып алудан кейін үнемделген ақша болып табылады. 200 мың литр «Бактицид» биопрепаратына шамамен 499 миллион теңге жұмсалды, 29 миллион теңге – 4,5 мың литрге жуық «Аверфос» химиялық препаратын сатып алуға кетті. Өңдеу жұмыстары  жерде, суда және ауада жүргізіледі. Биылғы жылы өңделетін ауа ауданы 16 мыңнан 20 мың гектарға ұлғайтылды. Шыбын-шіркеймен күрес үрдісін арнайы ғылыми топ бақылауында ұстайды.

– Бүгінгі күні ғылыми бақылау тобы қансорғыш жәндіктермен күрес іс-шарасы мен халықтың санитарлық-эпидемиологиялық жайлылығын қамтамасыз ету үшін жоспар-кесте құрады,- деді Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы. – Одан бөлек, наурыз айынан бастап ғылыми топ дернәсілдің түр құрамын, тығыздығын және даму деңгейін анықтау үшін субстратты зерттеуге алады.

Осы жылы облыс қалалары мен аудандарындағы дезинфекциялау жұмыстары жергілікті бюджеттің есебінен жүргізілетін болады. Алайда қажетті препараттарды  жеткізу мен дезинфекция жұмыстарын жүргізу бойынша конкурс әлі де кейбір аудандарда аяқталған жоқ.

– Осы жұмыстарды аяқтау үшін сіздерге бір тоқсан уақыт жеткіліксіз болды ма, – деп таң қалды кейбір қызметкерлердің сылбырлығына Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов. – Меніңше, сіздер ағымдағы мәселелерді мүлдем қадағаламайтын стяқтысыздар. Сіздердің препараттарыңыз бен өңдеулеріңіз 20-шы мамырдан кейін кімге керек болады? Қаражат бөлінді, бірақ сатып алулар жүргізілмейді!

Шыбын-шіркеймен күресуде жоғарғы Ертістің су қоймалары каскадынан су жіберудің маңызы зор болып келеді. Ертіс алаптық инспекциясы мәлімдегендей,  өткен жылы Ертіске жіберілген су мөлшері 7,63 текше километрді құраса, биыл бұл көрсеткіш 6,15 текше километрді құрайды және өзен 14 мамырға дейін өз арнасына түсетін болады.