
SEORIN Construction президенті Пак Маниль айтқандай, ол өз әріптестерімен бірге Павлодардағы жұмыс істеп жатқан құрылыс алаңдарына барып, «Достық» шағын ауданының даму әлеуетімен танысып қайтқан. Оның айтуынша жыл сайын 100 мың шаршы метр тұрғын үй салатын қауқары бар оңтүстіккорейлік компания көппәтерлі үйді өз қаражатына көтеруге әзір.

– Біз сіздерге коммуникациясы жеткізілген жер телімін бере аламыз ,- деп жауап берді оларға Павлодар облысының әкімі. – Егер сіздер салған тұрғын үйдегі бір шаршы метрдің бағасы соңында 150 мың теңгеден аспаса, онда біз бұл пәтерлерді «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің» ипотекалық бағдарламасы арқылы сата аламыз. Оның үстіне сіздер үйдің бірінші қабатын коммерциялық мақсатта пайдалана аласыздар.

Бұдан бөлек, Болат Бақауов оңтүстіңкореялық құрылысшылардан әлеуметтік-мәдени нысандар салуда тәжірибелерінің бар-жоғын анықтап, бүгінде жобасы Павлодарда қолға алынған 1500 орындық концерт залын салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Пак Маниль бұл жобамен жақынырақ танысқаннан кейін ұсынысы туралы ойлануға уәде берді. Одан кейін аймақ басшысы қонақтарға «Достық» шағын ауданының құрылысына толықтай қатысатын павлодарлық үй құрылысы комбинатына барып қайтуды ұсынды.