
Жиын барысында анықталғандай, ғылыми сүйемелдеу тобы дезинсекциялық жұмыстарды бастау қажеттілігі жөнінде алдын ала пікір ұсынған болатын. Алғашқы кезеңде «Металлург» қалалық бағбаншылығының кәріздік арналарын өңдеу жоспарланып отыр.

– Бұл жерде маса дернәсілдерінің бірінші кезеңдік дамуы орын алды, олардың саны бір шаршы километрге шаққанда 2200 бірлікті құрайды, – деп мәлімдеді энергетика және ТҚШ басқармасының бастығы Ержан Иманзайыпов. – Егер дернәсіл дамуының екінші немесе үшінші кезеңі байқалатын жағдайда ТҚШ қалалық бөлімі өңдеуді 26 сәуірден бастайды.

Ал шіркеймен күресу мәселесіне қатысты Сараптау мен мониторинг ұлттық орталығының қызметкерлерінің айтуынша Ертіс өзені арнасына түскеннен кейін оған бақылау жүргізуді бастау мамыр айына жоспарланып отыр. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың мәлімдеуінше, шыбын-шіркеймен күресудің нәтижелілігі ғалымдардың қырағылығы мен бақылау жүргізудің тиімділігіне байланысты.

– Біз заман ағымынан қалмас үшін мұндай жиындарды 10 күн сайын өткізіп тұрамыз,- деді ол. – Мамырдың басында өтетін келесі кездесуді сыртта өткізуді ұсынамын.