
Өңір басшысы Павлодарды жұмыс сапарымен аралап, ауласында жөндеу жұмыстары жүргізілген үйлердің тұрғындарымен кездесті.
Павлодар облысының әкімі алдымен Набережная көшесі, 1 мекенжайындағы үйге барды. Бұл жерде көлік жолдары мен тұрақтарға асфальт төсеу жұмыстары аяқталып, көп функциялы балалар алаңы орнатылды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, олардың ауласында мұндай ауқымды жөндеу 40 жылға жуық болған жоқ.
- Балаларымыз риза, ал ата-аналар енді саябақтарға немесе басқа аулаларға барудың қажеті жоқ екеніне қуанышты, - деді үйге жауапты Елена Сахипова. - Біз абаттандыру процесіне қатыстық, өтінімдерімізден кейін барлық кемшіліктер жойылды. Тұрғындар барлық жұмыстардың барысын тексерді. Құрылысшылар тұрғындардың барлығы риза болмай,біздің алаңнан кеткен жоқ.
Айманов көшесі, 46 және 48 мекенжайындағы үйлердің ауласында өтпе жолдарға асфальт төселіп, балалар алаңы жабдықталды. Әбілқайыр Сқақов құрылыс жұмыстарының кемшіліктерін атап өтті. Қала тұрғындарының демалуына арналған орындықтар бекітілмеген болып шықты. Жергілікті тұрғындармен сұхбаттасу кезінде әкім аулаішілік аумақтарды абаттандыруды қоғамдық тараптан да бақылау керек екенін еске салды.
- Сіздер тұтынушылар ретінде өз пікірлеріңізді білдірулеріңіз керек. Мен аулаларды абаттандыру бойынша барлық жобалар өз ұсыныстарын енгізетін тұрғындармен келісілу міндетін қойдым, - деді Әбілқайыр Сқақов тұрғындарға.
Облыс әкімі Архангельская көшесінің тұрғындарымен де кездесті. Олар жақында билікке әлеуметтік желілер арқылы жүгініп, жұмыс істемейтін кәрізге шағымданған болатын. Екінші Павлодардың тұрғындары пайдаланатын шаруашылық-тұрмыстық ағындар салынып жатқан коллекторға қосылғаннан кейін олар қалыпты жұмысын тоқтатқан. Белгілі болғандай, мәселе жеке кәріз желілері мен жүргізіліп жатқан магистраль әртүрлі тереңдікте болғанында.
- Құбырларымыздың бітеліп қалуынан су біздің көшедегі септиктер мен жертөлелерге кетеді, - деді жеке сектордың тұрғындары. – Оған қоса бұл ағындар біздің үйлерімізді шая бастайды.
Әбілқайыр Сқақов мердігерлер мен Павлодар қаласының әкімі Ержан Имансләмнан үш күн ішінде барлық кемшіліктерді жоюды талап етті.
- Мұнда тәртіп орнатыңыз, - деді ол. - Ең бастысы, тұрғындар қалыпты жұмыс істейтін кәрізге қол жеткізулері тиіс.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы Ж.Аймауытов атындағы театрда да болды. Онда ғимараттың қасбеті жөнделіп, іші әрлендірілуде. Абай атындағы №10 мектеп-лицейінде ағымдағы жөндеу жүргізіліп, жаңа ғимарат тұрғызылуда. Әкім мердігерлер барлық жұмыстарды сапалы және уақытында тапсыруы керек екенін ескертті.
Кенжекөл ауылының маңында Әбілқайыр Сқақов «ҚазАвтоЖол» АҚ өкілдерімен кездесті. Олар Павлодар-Семей тас жолында көлік айырығының құрылысы туралы ақпар берді. 2017 жылы бұл жоба тоқтап қалған болатын. Бүгінгі күні нысанда екі жол бар - Павлодардан Ақсуға және Ақсудан Кенжекөл жаққа.
- Қазір бұл жобаға түзетулер мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр, ол қыркүйектің аяғында аяқталады, - деді «ҚазАвтоЖол» АҚ Павлодар филиалының басшысы Ақылбек Қабылдин. - Жоба сараптамадан өткен соң біз жұмысқа кірісеміз және осы жылдың соңына дейін біз жолдың барлық бағыттары бойынша қозғалысты ашуға тырысамыз.
Жоба 2021 жылы толығымен аяқталады деп жоспарлануда. Өңір басшысы көп пайдаланылатын көлік учаскесінде қолайсыздықтар туғызатын жол айырығының аяқталмағаны туралы бірнеше рет шағымдар түскенін атап өтті. Әкім бұл мәселені шешуді кейінге қалдырмауды тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі