Павлодар облысында экологиялық жағдайды жақсарту бойынша бірлескен жоспарды қоғамшылдар, министрлік және әкімдік қабылдайды

Павлодар облысында экологиялық жағдайды жақсарту бойынша бірлескен жоспарды қоғамшылдар, министрлік және әкімдік қабылдайды

Бұл туралы 6 тамызда Павлодар алюминий зауыты аумағында өткен Экология министрлігінің басшысы мен әкімнің экологиялық белсенділермен кездесуінде айтылды.

Павлодар облысына экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев келді. Ол Қ.Сәтбаев және «Ертіс-Успенка» арналарындағы жұмыс барысымен, суару технологияларын енгізу қарқынымен, өнеркәсіптік кәсіпорындардың экологиялық жобаларымен және т. б. танысты. Атап айтқанда, алюминий зауытында министр мен облыс әкімі қоршаған ортаны қорғаудың өзекті мәселелерін көтерген өңірдің экологиялық қоғамдастығының өкілдерімен кездесті.

Қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстарының бірі өңірдегі жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындардың құрылысын шектеу болды. Министрдің айтуынша, Қазақстанда белгілі бір елді мекенде немесе өңірде ластану деңгейіне лимиттерді енгізудің халықаралық тәжірибесін енгізу жоспарланып отыр. Жаңа Экологиялық кодексте тиісті нормалар енгізілген.

- Кез келген зиянды өндірісті салу кезінде қоғамдық тыңдау мүмкіндігі бар, - деді Мағзұм Мырзағалиев. - Сондай-ақ жаңа Экокодекс жобасында жобалардың өтуіне жұртшылықтың ықпалын күшейту туралы тармақтар енгізілген. Сіздердің жасыл желектер туралы сұрағыңыз бойынша біз оны Жол картасына енгіземіз. Ағаш отырғызуды қоршаған ортаны ластайтын кәсіпорындардың жанындағы табиғатты қорғау іс-шаралары жоспарына енгізуді жоспарлап отырмыз. Біз мұны ERG компаниясымен де талқылайтын боламыз. Сондай-ақ ағаштарды кесу үшін нормативтік құқықтық базаны қатаңдату, ағаштарды өтемдік отырғызуды және үш жыл бойы оларға күтім жасауды талап ету жоспарлануда.

Әбілқайыр Сқақов өңірдің экологиялық қоғамдастығының жоғары азаматтық белсенділігін атап өтіп, облыс әкімшілігінің қоғамшылдармен ынтымақтасуға үнемі дайын екеніне сендірді.

- Павлодар облысында өте күшті және белсенді экологиялық қоғамдастық бар. Бұл жағдайға немқұрайлы қарамайтын танымал адамдар. Жақында біз кездесіп, көптеген мәселелерді талқыладық, - деді өңір басшысы жақында сарапшылармен болған онлайн-кездесу туралы. - Көптеген табысты жобалар экологиялық жұртшылыққа тиесілі.

Кездесуде атап өтілгендей, жақын арада қоғамшылдар, Экология министрлігі және әкімдік Павлодар облысындағы экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі Жол картасын бекітеді. Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, бұл проблемаларды шешудің нақты жоспары болады.

Алюминий зауытында министрге кәсіпорынның табиғатты қорғау бағдарламасы таныстырылды. Павлодар ауданында Мағзұм Мырзағалиев «Ертіс-Успенка» су арнасын қайта құру жобасымен танысты. Нысанды 2021 жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл 2022 жылы бірден 10 мың гектар алқапты суара бастауға мүмкіндік беруі тиіс. Нәтижесінде өңір ішінде көкөніс және бақша дақылдарын өндіру 40% - ға артады деп күтілуде.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі