
Ағыбай Әмірин 1972 жылы 9 мамырда Баянауыл ауданында туған. Білімі жоғары, 1995 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің педагогикалық институтын «Математика және информатика мұғалімі» мамандығы бойынша, 2006 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетін «юриспруденция» мамандығы бойынша және Инновациялық Еуразия университетін «экономика және бизнес» мамандығы бойынша, 2013 жылы Инновациялық Еуразия университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдады.
Облыстың мемлекеттік басқару органдарында ұйымдастырушылық және басқарушылық тәжірибесі зор. 2003 жылдан бастап Ақсу қаласының Ақжол ауылдық округінің әкімі қызметін атқарды. 2006 жылы “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша басқармасы ” ММ-нің мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамасын бақылау бөлімінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды. 2008 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша басқармасының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңдылықтардың сақталуын бақылау бөлімінің бастығы қызметін атқарды.
2012-2014 жылдар арасында Павлодар облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің басшысы болды. 2014 жылдан 2016 жылға дейін Павлодар облысы әкімі аппараты бастығының этика бойынша құзыретті орынбасары қызметін атқарды. Бүгінгі күнге дейін Ақтоғай ауданының әкімі қызметін атқарып келді.