Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына барып, ЕЖЭО-дағы және жылумен жабдықтайтын магистральдық желілердің жөндеу жұмыстарын тексерді

Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына барып, ЕЖЭО-дағы және жылумен жабдықтайтын магистральдық желілердің жөндеу жұмыстарын тексерді

Екібастұз ЖЭО-дағы №1 турбинаны, №6, №7, №8, №11 қазандықтарды жөндеу аяқталды. Жылу беру маусымында жұмысты қамтамасыз ету үшін 10 қазандықтың 6-ы 100% дайын. Бүгінгі таңда 3 қазандық агрегаты іске қосылды.

Одан кейін облыс әкімі тазартылған су желісінің құрылыс барысын тексерді. Жұмыстар 90% орындалды. 5000 метр құбыр тартылды, электр желілерінің 55 тірегі орнатылды, қазір сорғыларды монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Асайын Байханов барлық жұмыстарды мерзімінде аяқтай отырып, жұмыстың жоғары сапасын қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ, сапар барысында өңір басшысы ЖМ-1 және ЖМ-3 жылу магистральдарын реконструкциялау жұмыстарының аяқталуын тексерді.
28 қыркүйекке дейін мамандар желілерді жуу, толтыру жұмыстарын жүргізеді және гидравликалық сынақтан өткізеді.

Бүгінгі таңда кеншілер қаласындағы 79 әлеуметтік нысанның 75-і және 702 көпқабатты тұрғын үйдің 44-і жылуға қосылған. Қалған әлеуметтік нысандарға 26 қыркүйекке дейін жылу беру жоспарлануда, 1 қазанға дейін көпқабатты тұрғын үйлерді қосу міндеті қойылды.

Өңір басшысы барлық 702 көпқабатты тұрғын үйді және 3 әлеуметтік нысанды жылуға қосуды мерзімінде аяқтауды, желілерде анықталған ақауларды жою бойынша жұмыстарды жедел және сапалы орындауды, сондай-ақ, қазан айының соңына дейін ЖМ-1, ЖМ-3 аумақтарына абаттандыру жүргізуді тапсырды.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев