Көршілерден жақынырақ

Көршілерден жақынырақ

Башқұртстан Республикасының басшысы Рустэм Хамитов Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовпен кездесу барысында бүгінгі күні көршілермен тығыз байланыста жұмыс істеудің болашаққа пайда әкелетіні жөнінде айтып өтті.

– Қазақстан – біздің ең жақын көршіміз, – деді ол. – Біздің қарым-қатынасымыз оптимумға әлі жеткен жоқ, сол себепті Павлодар облысынан серіктестеріміздің өзара әрекеттестікке байланысты жаңа идеяларды ұсынып жатқаны өте маңызды. Біз Павлодар облысында әктас пен тұздың үлкен кендері бар екенін білеміз. Сонымен қатар, бірталай артықшылықтарға ие бұл аймақ арқылы біздің кәсіпкерлеріміз Қытайға дейін жол салуда. Бұл біздің көршілеріміздің артықшылығына жатады.

Анықталғандай, павлодарлық әріптестердің көмегімен Башқұртстан Қытаймен ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу мәселелерін шешкісі келеді. Павлодар облысының әкімі өз кезегінде серіктестіктің кез келген түріне даярлығы туралы айтты.

– Ірі шаруа қожалықтарының өкілдері тауарлы сүт фермалары мен өсімдік шаруашылығының жұмысымен танысу үшін бізбен бірге келді, біз ауыл шаруашылығы дақылдарын қайта өңдеумен айналысатын ірі шаруа қожалықтары мен кәсіпорындарының өзара тиімді  жұмысына ерекше мән беруді ұсынамыз, – деді Болат Бақауов. – Білім беру және ғылым салаларын айтатын болсақ, екі тараптың жоғары оқу орындарының бірлескен жұмысын атап өткен жөн.2015 -2018 жылдар аралығында С.Торайғыров атындағы ПМУ 35 магистранты Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетінде оқып, ғылыми тағылымдамадан өтті.

Кездесуді қорытындылай келе, Рустэм Хамитов Болат Бақауовқа Уфаға келгені үшін алғысын білдіріп, өзінің Павлодарға сапарлап келетіні жөнінде уәде берді. Алдын ала жасалған болжам бойынша бұл сапар жаздың соңында немесе күздің басында болуы мүмкін.