
1 тамыздан спорт кешені негізіндегі госпиталь жабылды.
Covid-19 белгілері бар пациенттерді провизорлық стационарларға сұрыптайтын аурухана бір ай - 2 шілдеден 1 тамызға дейін жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде триаж-орталықта 1864 науқас қабылданды. Олардың 1518-і ауруханаға жатқызылды, қалғандары бақылау нәтижелері бойынша амбулаторлық емделуге жіберілді. «Баянтау» спорт кешені негізіндегі госпитальда 25 дәрігер, 45 медбике және 45 кіші медицина қызметкері, оның ішінде екі ерікті жұмыс істеді.
Триаж-орталықтың соңғы пациенттері 1 тамызда шығарылды. Сол күннен бастап санитарлық өңдеуден кейін спорт кешенінің ғимараты жабылды. Госпитальдағы барлық жабдық эпидемиологиялық жағдай нашарлауы мүмкін кезең - күзге дейін «Баянтауда» қалады.
Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы