
Облыс әкімі Болат Бақауов қазақстандық келешек ұрпақ бүгінде зұлмат жылдарды бастан кешкен миллиондаған отандастарымызды ұмытпайтынын атап өтті.

Баршамыздың ортақ парызымыз – әр жазықсыз құрбанның есімін ұмытпай, біздегі бейбітшілік пен келісімді, тыныштықты бағалау, – деді аймақ басшысы. – ХХ ғасырдың бірінші жартысында Павлодар облысына 40 мыңнан астам адам депортацияланған. Олардың арасында әртүрлі ұлт, дін өкілдері болды. Қазақ халқының қонақжайлығының арқасында жер аударылғандар осы жерге сіңісіп кетті. Олардың ұрпақтары – қазірде біздің отандастарымыз, біз бәріміз бірге тәуелсіз, мықты Қазақстанды құраймыз.

Қуғын-сүргін мен депортация зардабын 4 миллион қазақстандық тартты. ХХ ғасырдың ең ауыр, зұлмат 30-шы жылдары 100 мыңнан астам отандасымыз қаза болды.