Жол сапасы жақсарады

Жол сапасы жақсарады

Осы жылы аймақта жолдардың 1100 шақырымы қалпына келтірілмек, соның ішінде 460 шақырымнан астамы жергілікті жолдарға тиесілі.

Облыс әкімдігіндегі аппараттық кеңес барысында жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары басқармасының бастығы Ермұрат Нұрханов айтып өткендей, аймақтағы жол жөндеу жұмыстарына 12,5 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінген. Осы қаражат аймақ деңгейіндегі 346 шақырым жол мен облыс деңгейіндегі 116 шақырым жолдың қалпына келтірілуіне жұмсалмақ.

– Бүгінгі күні жергілікті деңгейдегі жолдарда 67 шақырымға асфальтбетон төсемі салынған, асфальттың салынуы үшін 74 шақырым жол дайындалған, – деп мәлімдеді жол ведомствосының басшысы. – Жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау мақсатында басқарма мамандары авторлық және техникалық бақылау өкілдері мен  апта сайын «Павлодаржоллаборатория» қызметкерлерімен бірігіп комиссиялық сапарлар жасайды.

Осы жылы Павлодар облысында ең проблемалық магистраль – Баянауыл курорттық аумағына апаратын жолды жөндеу жоспарланып отыр. Баянауыл ауданында жалпы 340 шақырым жол қалпына келтірілетін болады. Жолшылардың айтуынша, жөндеу жұмыстары барысында суық ресайклинг әдісі де қолданылатын болады.

Баяндаманы тыңдаған Павлодар облысының әкімі қызметкерлерінің назарын жөндеу жұмыстарынан кейінгі жол төсемелерінің пайдаланылуына аудартты. Болат Бақауовтың айтуынша өңірде жолды күту жұмыстарын сапалы жүргізу керек.

– Бұл – әсіресе кюветтерге қатысты айтылған мәселе, – деді аймақ басшысы. – Өткен жылы трассаның бойында, соның ішінде республикалық деңгейдегі жолдардың бойында кейбір жерлерде ағаштар қалып қойды. Сол себепті осы жылы бұл мәселені қолға алу керек.

Облыс әкімінің айтуынша, барлық жөндеу жұмыстарын бітірудің соңғы мерзімі – 1 қазан.