Павлодар облысында жоспарлы медициналық көмек көрсетуді қалпына келтіруге дайындалуда

Павлодар облысында жоспарлы медициналық көмек көрсетуді қалпына келтіруге дайындалуда

Облыс әкімдігінде аппараттық кеңес өтіп, онда өңірдегі ағымдағы эпидемиологиялық жағдай және басқа да бірқатар мәселелер талқыланды.
 
Денсаулық сақтау басқармасының өкілі Анар Омарованың айтуынша, бүгінгі таңда Павлодар облысының провизорлық стационарларындағы төсек-орынның пайдаланылуы 45% - ды құрайды.
 
- Шілде айының басында жедел жәрдем желісі бойынша шақырулар саны тәулігіне 1120-ға жеткен болса, кеше 582 шақыру келіп түсті. Провизорлық стационарларға емдеуге жатқызылғандардың саны 2,5 есеге - 373-тен 150 адамға дейін төмендегені байқалады. Амбулаторлық деңгейде өткен аптамен салыстырғанда науқастар саны 847 - ге немесе 5,7% - ға төмендегені байқалады, - деді Омарова.
 
Өңірдің эпидемиологиялық ахуалында байқалатын үрдіс коронавирус пандемиясына байланысты тоқтатылған жоспарлы медициналық көмек көрсетуді қайта бастауға мүмкіндік береді.
 
- Денсаулық сақтау басқармасы алғашқы медициналық - әлеуметтік көмек қызметімен және ауруханалармен бірлесіп дайындалып, осы жұмысты ұйымдастыруы қажет, - деп тапсырды Әбілқайыр Сқақов. - Біз 1 тамыздан бастап сапалы медициналық көмек көрсетуге дайындалуымыз керек.
 
Кеңестің тағы бір тақырыбы Павлодар облысында мал шаруашылығын дамыту болды. Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Батырғожиновтың айтуынша, биылғы жылы әрқайсысы тиісінше 100 және 500 басқа арналған 10 ірі қара мал фермасы мен 10 ұсақ мал фермасын салу бойынша пилоттық жобаны іске асыруды бастау жоспарлануда.
 
- Бұл жобаны «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Аграрлық несие корпорациясы» бірлесіп жүзеге асырады, - деп атап өтті ведомство басшысы. - Жобаны іске асыру асыл тұқымды ірі қара мал басын 1,5% - ға, ал ұсақ мал басын 0,8% - ға арттыруға мүмкіндік береді.
 
Бұдан басқа, 2020 жылы жалпы қуаты 5936 бас 9 сүт-тауар фермасы салынуда. Олар 316 басқа арналған «Луганск» ӨК, 420 басқа арналған «Киров» ЖШС, 600 басқа арналған «Жаңа қала» ШҚ ЖШС, 800 басқа арналған «Ертіс» ШҚ, 1000 басқа арналған «Ақтоғай Агро» ЖШС, 1000 басқа арналған «Галицкое» ЖШС, 1000 басқа арналған «Крон Агро» ЖШС, 600 басқа арналған «Үштерек және К» ЖШС және 200 басқа арналған «АгроДаму» ЖШС кәсіпорындары. Сүт өндірісінің артуына қарамастан, Павлодар облысының сүт өңдеу зауыттары жүктемесіз отыр. Дегенмен өткен жылы ғана өңірден 7000 тоннадан астам сүт экспортталды. Бұл мәселені шешу үшін облыс әкімі жеке аулалардағы мал басын сапалы жақсартуды ұсынды.
 
- Отандық сүт зауыттарының жүктемесін арттыру мен шикізатты экспортқа шығару арасында тепе-теңдік қажет, - деп атап өтті өңір басшысы. - Біздің қайта өңдеушілер сүтті негізінен жеке қосалқы шаруашылықтардан сатып алады. Ол шикізаттың сапасы әрдайым қажетті стандарттарға сәйкес келе бермейді. Бұл аналық мал басының сапасы мәселесіне байланысты. Бізге жеке қосалқы шаруашылықтарда мал басының сапалық құрамы өзгеретіндей жағдай жасау қажет.
 
Әбілқайыр Сқақов ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына жеке аулалардағы аналық мал басын жақсарту және олар тапсыратын сүттің сапасын арттыру бойынша өңірлік жоспар ұсынуды тапсырды.
 
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі