Әбілқайыр Сқақов Павлодардың жылу беру маусымына дайындығын тексерді

Әбілқайыр Сқақов Павлодардың жылу беру маусымына дайындығын тексерді

Павлодар облысының әкімі «Павлодарэнерго» АҚ құрамына кіретін ЖЭО-3-ті және жаңа сорғы станциясын аралады, сондай-ақ жаңа жылу магистральдары салынып жатқан учаскелерде болды.
 
«Павлодарэнерго» АҚ басшысы Олег Перфилов қалалық жылу электр орталықтарының біріндегі қысқа дайындық барысы туралы өңір басшысына айтып берді. Соңғы жылдары кәсіпорында 6 турбинаның 5-уі ауыстырылып, 6 қазандықтың 3-еуі жаңғыртылды, ал қалғандарына сапалы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осылайша, кәсіпорынның ақпараты бойынша, турбиналық жабдықтардың тозуы 70%-дан 30%-ға дейін, ал қазандық жабдықтарының тозуы 50% - ға дейін азайды.
 
- Сонымен қатар біз тағы бір турбина мен екі қазандықты орнату бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірледік, - деді Олег Перфилов. - Құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтті. Егер ақпан айына дейін біз Энергетика министрлігіне барлық құжаттарды дайындап, бізді қуат нарығына енгізетін болса, біз бұл жобаны 2021 жылы іске асыруға кірісеміз.
 
Назарбаев даңғылы мен Торайғыров көшесі қиылысында Әбілқайыр Сқақов жаңа сорғыш станциясында болды. Бұл қондырғы жылу резервін ЖЭО-3 аймағынан ЖЭО-1 аймағына ауыстырып, «Сарыарқа» шағын ауданы мен қаланың орталық бөлігінде қосымша жүктемелерді қосу үшін шектеулерді алып тастайды.
 
Жылу берушілердің айтуынша, қалаға осындай тағы екі станция қажет. Сол кезде олар орталық жылумен жабдықтауға қосылу үшін бүгінде жабық аймақтарды аша алады. Сонымен қатар бүгінгі күні тозығы жеткен кварталішілік желілерді ауыстырумен айналысу және жылыту маусымына дұрыс дайындалмай жатқан ПИК-термен және халықпен жұмыс істеу қажет.
 
- Біздің магистральдарымыздан жылу ағыны кварталішілік желілерге көшкенде, ол тот басқан құбырларға тап болады, - дейді «Павлодар жылу желілері» ЖШС басшысы Марат Иманаев. - Екінші мәселе - көпқабатты тұрғын үйлердің қысқа дайындығының төмендігі. Соңғы үш жылыту маусымында Павлодар тұрғын үй қорының барлық объектілерінің 40%-ы ғана дайындық паспортын алған болатын. Біз ұзақ жылдар бойы жуылмаған және қысыммен тексерілмеген, қатты бітелген батареяларға келіп тірелеміз.
 
Облыс әкімі ПИК-тердің мәселесін кооперативтер есеп беретін тұрғындармен бірлесіп шешу қажеттігін атап өтті.
 
- Егер инфрақұрылымға инвестиция құятын болсақ, ал ПИК мәдениеті өзгермейтін болса, біз қажетті оң нәтижеге қол жеткізе алмаймыз, - деп мәлімдеді өңір басшысы. - Тұрғындар өз кооперативінің басшысын таңдауға, оны жұмыстан шеттетуге және оның атқарылған жұмыс туралы есеп беруін талап етуге құқылы. Сонымен қатар бізге кварталішілік желілерді жөндеудің нақты бағдарламасы қажет. Соңғы 14 жыл ішінде біз жылу желілерін жыл сайынғы күрделі жөндеу жоспарын екі есе төмендеттік. Бұл құбырлар 40 жыл тұр, біз жөндеу көлемін төмендетпей, керісінше, екі есе арттыруымыз керек. Осы жылдың соңына қарай қандай нәтижелерге қол жеткізетінімізді, келесі жылы және екі-үш жыл ішінде не істейтінімізді білу үшін, жағдайды түбегейлі өзгерту үшін жоспарды бекіту қажет.
«Қазақтелеком» АҚ data-орталығы ауданында және Дачный шағын ауданында Әбілқайыр Сқақов жаңа жылу магистральдары салынып жатқан учаскелерде болды. Облыс әкімі құрылысшылардан барлық жұмыстарды сапалы және уақтылы орындауды талап етті.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі