Әбілқайыр Сқақов Баянауылдың провизорлық ауруханасында болды

Әбілқайыр Сқақов Баянауылдың провизорлық ауруханасында болды

Павлодар облысының әкімі аурухананың дәрігерлерімен және пациенттерімен сөйлесті, сондай-ақ жергілікті дәріханада болды. Дәрігерлердің айтуынша, көмек сұрайтын тұрғындар саны айдың басындағы көрсеткіштермен салыстырғанда үш есе азайды.
 
Баянауыл ауданында бірден үш провизорлық бөлім ашылған: орталық аудандық ауруханада, ауылдық мектеп-интернатта және Майқайың кентінде. Орталық аудандық ауруханада науқастар қаралып, ауруының ауырлығына байланысты белгілі бір ауруханаға жіберіледі.
 
- Кеше ғана біз 15 адамды шығардық, бүгінге ауруханада 31 науқас қалды, - дейді аурухананың бас дәрігері Серікжан Арынов. - Біз ауруханаға жоспарлы түрде тек жүкті әйелдер мен операцияға мұқтаж пациенттерді жатқызамыз. Қалғанының барлығын амбулаториялық жағдайда немесе күндізгі стационарда емдеуге тырысамыз. Біздің медициналық мекемеде өкпені жасанды желдететін екі аппарат, сондай-ақ 10 оттегі концентраторы бар, тағы 9 концентратор жақын арада келеді. Ауруханамызда орталықтандырылған оттегі жоқ, бірақ біз оны да өткізуді жоспарлап отырмыз.
 
Бақылаудағы барлық науқастарда сатурация 90%-дан жоғары деңгейде белгіленген. Науқастың жағдайын жақсартуға қол жеткізілді. Бұл ретте науқастар күнде жасайтын тыныс алу жаттығулары айтарлықтай көмектесті. Өңір басшысы сөйлескен пациенттер өздерін жақсы сезінетіндерін атап өтті.
 
- Мені бірінші кезекте жоғары температура мазалаған болатын, - деді Қарағандыдағы кәсіпорында вахталық әдіспен жұмыс істеген аурухана пациенттерінің бірі. - Қазір жағдайым әлдеқайда жақсы. Бізге импорттық дәрі-дәрмектер беріп жатыр. Біздің ауруханада маған бәрі ұнайды, медициналық қызметкерлерге бізге жасап жатқан қамқорлықтары үшін рахмет.
 
Аудан орталығында Әбілқайыр Сқақов дәріханалардың біріне кірді. Фармацевтер атап өткендей, оларда антибиотиктер жеткілікті, оның ішінде цефтриаксон, цефазолин және мегасеф, антикоагулянттар, олардың арасында кардиомагнил, тромболаз және тромбопол бар. Бұл ретте 21 шілдедегі кешкі жағдай бойынша дәріханада ересектерге арналған вирусқа қарсы препараттар қалмаған, бірақ балаларға арналған анаферонның қоры бар.
 
- Ыстықты түсіретін препараттар да бар, дәл қазір парацетамолдың 350 қаптамасы бар, оны бір адамға екі қаптамадан береміз, - деді дәріхана қызметкерлері. - Қазір дәріханаға адамдар маусым айының соңына немесе осы айдың басына қарағанда аз келеді.
 
Естеріңізге сала кетейік, бөлшек сауда дәріхана желісін жабдықтау үшін өңірде дәрі-дәрмектің тұрақтандыру қоры құрылған. Осы жұмыс аясында дәрі-дәрмек алғашқы легі жақында келіп жетті. Бүгінде дәрі-дәрмектер облыс дәріханаларына таратылуда.
­
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі