Ақтоғай ауданында – жаңа әкім

Ақтоғай ауданында – жаңа әкім

Жаңа әкімді аудан активіне аймақ басшысы Болат Бақауов таныстырды.Ол тағайындалушының аудандық басшылық лауазымына қажетті басқарушылық тәжірибесі жеткілікті екенін атап өтті. Облыс әкімі құттықтап, алға қойған негізгі міндеттерді жүктеді.

– Ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыру сіздің жұмысыңыздың негізгі мақсатына айналуы тиіс, – деді аймақ басшысы. – Ауданның әлеуетін мүмкіндігінше молынан пайдалану керек. Ауданда суармалы учаскелерінің аумағын ұлғайту қажет. Оған жайылымдық жерлер және облыс орталығына жақындығы ықпал етуі керек. Біз жаңа суармалы жерлерге қатысты инфрақұрылымдар енгізу жобаларына қаржылай көмек беруге дайынбыз. Алайда оған дейін бұл жұмыстарды бастап, соңына дейін жеткізетін кәсіпкерлер тобын анықтап алуымыз қажет.

Сондай-ақ, Болат Бақауов Қаршыға Арыновқа аймақтың жұмыс күшін тарту және суару мәселелерімен белсенді айналысуды тапсырды.

Қаршыға Арынов мемлекеттік қызметте 20 жылдан астам уақыт істейді. Оның құрылыс бөлімдерінде, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында, қаржы және коммуналдық жекеменшік саласында тәжірибесі мол. Бұдан бөлек, ол өндірістік салада да жұмыс істеген.