
Павлодар облысының әкімі Екібастұзға жасаған жұмыс сапары барысында қалалық аурухана мен провизорлық ауруханада болған, сондай- ақ спорт және мәдени нысандарды жөндеу, аулаларды көріктендіру және тұрғын үйлер құрылысының барысымен танысты.
Солнечный кентінде Әбілқайыр Сқақов «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша шатыры жөнделіп жатқан спорттық-сауықтыру кешенінде болды. Мердігер ұйым өкілдері айтқандай, жобадағы кейбір мәселелерге байланысты олар белгіленген мерзімнен кешірек жұмысқа кірісуге мәжбүр болды. Бірақ нысанды шілде айының соңына дейін тапсыруға уәде берді.
- Жобалық-сметалық құжаттама сапасының төмен болуына кінәлі техникалық тапсырманы дайындаған тапсырыс беруші ме немесе жобалық-сметалық құжаттаманы жасаған жобалау ұйымы ма, анықтау керек, - деп нұсқау берді Әбілқайыр Сқақов. - Бұл біздің жүйелі проблемамыз және оны шешу керек. Жоба кезеңінде жіберілген қателіктердің салдарынан біз уақытымызды жоғалтып аламыз және қосымша қаржылық шығындарға ұшырауымыз мүмкін.
Солнечныйда ұзақ уақыт бойы бос тұрған бірнеше тұрғын үй қайта салынуда. Облыс әкімі 91 пәтерлік бес қабатты үйде және 53 пәтерлік тоғыз қабатты үйлерде жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Әбілқайыр Сқақов іргелес жатқан аумақтарды сапалы түрде абаттандыру қажеттілігіне назар аударды. Өңір басшысының айтуынша, аулада көп уақыт өткізетін адамдар үшін қажетті ыңғайлы жағдайлар жасалуы керек, мәселен: ойын алаңдары, орындықтар, жасыл алаңдар, қоқыс жәшігі және басқалар.
Екібастұзда Әбілқайыр Сқақов «Жасыбай» спорт кешенінде болды. Онда үлкен және кіші бассейндер ретке келтіріліп, витраждар мен терезе саңылаулары жөнделуде. Әкім спорт нысанының қала үшін маңыздылығын атап өтіп, сапа талаптары мен жұмыс мерзімінің сақталуын талап етті. Төбесі, қасбеті мен стилобаты күрделі жөндеуден өтіп жатқан «Өнер» қалалық мәдениет үйіне барған кезде де әкім осы ескертулерді атап өтті.
Алты тұрғын үйдің құрылысы басталған №9 шағын ауданда өңір басшысы құрылысшылармен кездесті. Мердігерлер тоғыз қабатты үйлерді жылдың соңына дейін тапсыруға уәде беріп отыр. Барлығы құрылысшылар 432 пәтерді пайдалануға бермек.
Қаланың орталық даңғылы Мәшһүр Жүсіп көшесінде Әбілқайыр Сқақов жолды қалпына келтірумен айналысып жатқан жұмыскерлермен сөйлесті. Олар учаскелердің бірінде қыркүйек айында аяқталады деп уәде еткен кәріз желілеріндегі жөндеу жұмыстарына байланысты 800 метрге жуық жолға асфальт төсеуге кірісе алмай отырғандарын айтты.
- Тұрғындар мұндай қолайсыздыққа тағы бір жарым ай шыдамауы керек. Коллектордағы жұмысты ертерек аяқтап, асфальт төсеу керек, - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ өңір басшысы Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі №157 үйдің ауласында болды, онда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша аула аумағы абаттандырылған болатын. Әбілқайыр Сқақов жұмыстың сапасына көңілі толмай, бас мердігер мен қосалқы мердігерге талап-арыз беруді тапсырды.
- Неліктен ойын алаңының жан-жағына қиыршықтас тастай салған? Балалардың құлап, тізелерін жаралаулары үшін бе?, - деді әкім. - Жиектасты қараңыз – аяқпен сындыра салуға болады. Тас төсеуіш басқа жерден қопарылып алып, осы жерге төселген тәрізді. Мұндай сапа қабылданбайды!
Ауласында абаттандыру жұмыстары жүргізілген үйлердің тұрғындары өңір басшысының пікірімен келісті. Жергілікті тұрғындар айтқандай, құрылысшылар жұмысты жақсы бастаған, бірақ дұрыс аяқтамаған. Әбілқайыр Сқақов бұл мәселені шешуді тапсырып, сапасы төмен нысандарды қабылдауға рұқсат бермейтінін айтты.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі